Атырау облысындағы ерлі-зайыптының өлімі: 29 жастағы күдіктіге іздеу жарияланды
Атырау облысының полициясы Қызылқоға ауданына қарасты Жангелдин ауылында қаза тапқан ерлі-зайыптылардың өліміне қатысы бар деген күдікті азаматты іздестіріп жатыр.
Атырау облыстық полиция департаментінің мәліметінше, қылмысқа Махамбет ауданының 29 жастағы тұрғыны күдікті ретінде қарастырылып отыр.
"Қылмысқа күдікті – Атырау облысы Махамбет ауданының 29 жастағы тұрғыны. Сонымен қатар іске басқа адамдардың қатысы бар-жоғы анықталып жатыр", – деп хабарлады полиция департаменті.
Айта кетейік, бұған дейін бұқаралық ақпарат құралдарында қаза болған ерлі-зайыптылардың күйеу баласының қылмысқа қатысы болуы мүмкін екені туралы ақпарат тараған болатын. Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша тергеу амалдары жалғасып жатыр.