Атырау облысында үлескерлер екі жылдан бері үй ала алмай жүр
Жергілікті әкімдік тоқтап қалған құрылысты жалғастыру үшін инвестор іздеп жатыр.Атырау облысында 2019 жылы "Сарайшық инвест групп" компаниясымен келісімшарт жасасып, жаңа үйден пәтер аламыз деп миллиондаған ақша салған үлескерлер жиналды. 2021 жылы аяқталуы тиіс тұрғын үй кешені мерзімді уақытта пайдалануға берілмеген, деп хабарлайды 31 арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы.
Тұрғындардың айтуынша, құрылыс жұмыстары орта жолда себепсіз тоқтап қалған. Жылдар бойы бар тапқанымызды үйге салып, соңында далада қалдық деген үлескерлер бұл мәселемен талай табалдырық тоздырғанын айтады.
Төрт жылдан бері үйлерін ала алмай жүрген үлескерлер "Сарайшық инвест групп" компаниясының басшысын іздеп бас кеңсеге жиналды. Олар келісімшарт бойынша екі жыл бұрын алуы тиіс болған пәтерлерін беруді сұрайды. Тұрғындардың кейбірі үй алу үшін несие рәсімдеп, қолындағы соңғы тиынын санап бергендерін айтады. Амалы таусылған кейбір үлескерлер құрылыс команиясымен соттасып, ақшаларын өндіріп алмақ.
Оқи отырыңыз: "7-20-25", "Бақытты отбасы" және өңірлік ипотекалар. 2023 жылы қалай баспана алуға болады?
"Салынатын түрі болмаған соң бас тарттым. Қазір жартысынан көбі сот шешімімен жүр. Үш айда қайтарамыз деді, бірақ ақша әлі жоқ. Үйден бас тартамыз, сондықтан салған ақшамызды қайтарып берсін. Ал үйлерін күтіп жүргендерге үйлерін берсін. Себебі арамызда бар ақшасын салып, өздері үй жалдап жүрген үлкен кісілер бар. Басты талабымыз ақшаны қайтарсын", – деді үлескер Гүлдана Ерекешова.
Үлескерлердің бірі Самат Салахидденов тұрғын үйдің жарнамасн көріп, 6 миллион теңге салған.
"Кейін тағы қостым. Содан 2021 жылдан бері құрылыс тұрып қалды. Не ақшамыз, не үйіміз жоқ. Кредитке кірдік", – деді үлескер.
Үлескерлерді тыңдауға ешкім шықпады. Компанияның бас кеңсесінің есігі жабық, телефондарына жауап бермейді. Ал әкімдіктегілер орта жолда тұралап қалған құрылысты жалғастыру үшін өздері инвестор іздеп жатқанын айтады. Ол кемінде 2 айға созылуы мүмкін дейді.
Оқи отырыңыз: Мердігерлерге үлескерлер қаржысын тарту талаптары жеңілдетіледі
"Бүгінгі таңда "Сарайшық Инвест групп" ЖШС төрт бірдей көпқабатты тұрғын үйдің жұмыстарын бастаған. Алайда әкімдік тарапынан құрылыс монтаждау құжаттары толық емес. Бүгінгі таңда мемлекеттік сараптамадан оң қорытынды алу жұмыстары жүріп жатыр. Нәтижесінен соң, инвестор табу жұмыстары жүреді", – деді Атырау облысы Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының бас маманы Рүстем Макибаев.
Әкімдік өкілдері әзірге салымшыларға күтуден басқа амал жоқ деп отыр.