Атырау облысында ата-аналар мен тәрбиешілер апатты балабақшаның жабылуына қарсы шықты
Облыста 22 мың бүлдіршін балабақша кезегінде тұр.Атырау облысында ата-аналар ұл-қыздары барып жүрген балабақшаның жабылуына қарсы шықты. Бөбекжай басшылығы ғимаратты "апатты" деп танып, тамыздан бастап бала қабылдамайтынын айтқан. Осы орайда тұрғындар жақын маңдағы балабақшадан орын тауып беруді сұрады, деп хабарлайды 31-арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы.
"Бөлген балабақшалары біздің үйден алыс. Ертең жаңбыр мен қар жауғанда қалай тасимыз? Автобустар жүрмейді, барып жүрген баламды қозғағым келіп тұрған жоқ. Ауыстырғылары келсе, неге біз қалаған балабақшаға ауыстырмайды? Жөндеу жұмыстарын неге шілде айында бастамады?" – деді ата-ана Алма Кенжебаева.
Мұнымен қатар басшылық 10 тамыздан бастап 70-ке жуық балабақша қызметкерінің жұмыстан шығарылатынын хабарлаған. Алайда тәрбиешілер шу көтерген соң қыркүйекке дейін жұмыс істеуге рұқсат берген.
Оқи отырыңыз: Алматыда хайуанаттар бағы, цирк және театр қызметкерлерінің жалақысы 30% өседі
"53-бұйрықтың 1-тармағына сәйкес бізге ескерту қағазы бір ай бұрын берілуі керек. Алайда бізге екінші тамыздан бастап беріліп отыр. Екіншіден, неге біз онына дейін ғана жұмыс істеп, жарты жалақы алуымыз керек? Тәрбиешілер саны аз. 150 мың орнына 75 мың теңге аламын ба?" – деді бөбекжай тәрбиешісі Гүлмира Балқанова.
300 орындық Алмагүл балабақшасы 2014 жылы салынып, құрылысқа жергілікті бюджеттен 640 миллион теңге бөлінген. Дегенмен, ғимарат 10 жыл өтпей жатып апатты деп танылған. Қазір нысанның бір бөлігі опырылып, құлауға шақ тұр. Ал ата-аналар мен тәрбиешілердің талабын тыңдаған қалалық білім бөлімінің басшысы алаңдауға негіз жоқ дейді. Апатты ғимараттан көшірілген балаларға орын, қызметкерлерге жұмыс тауып береміз деп сендірді.
"Әкімдікпен бірігіп осы ауданның балалаларын жөндеу жұмыстары аяқталғанша жанындағы 5 балабақшаға орналастыру туралы шешім қабылданды. Тәрбиешілер мәселесі де заң аясында шешіледі. Яғни оларды да бос балабақшаға орналастырамыз", – деді Атырау қалалық білім бөлімінің басшысы Айнагүл Дүйсекенова.
Оқи отырыңыз: "Басты себеп – жалақының аздығы". Атырау мектептерінде 600-ден астам мұғалім тапшы
Жалпы Атырауда балабақшада орын тапшы. Қазір 22 мың бала кезекте тұр. Мәселені шешу үшін билік 9 бөбекжайды жекеменшік әріптестік негізде салмақ.