Атырау – Астрахань пойызындағы бала өлімі: Арнайы комиссия құрылып, қылмыстық іс қозғалды
Пойызда жолаушылар өз тамағын тұтынған.Атырау – Астрахань пойызында баланың қайтыс болуы дерегі бойынша комиссия құрылады, деп хабарлайды Атырау облыстық білім беру басқармасының баспасөз қызметі.
"77 адамнан тұратын топ (4 тәлімгер, 73 бала) "Атырау – Астрахань" теміржол бағыты бойынша "Қазақстан геологы" санаторийіне (Железноводск) жіберілді. Жолға шыққаннан 1,5 сағаттан кейін балалардың біреуі өзін нашар сезініп, жедел жәрдем шақырылды. "Нарын" станциясына келген жедел жәрдем баланың қайтыс болғанын анықтады", – делінген хабарламада.
Атырау облыстық білім беру басқармасы құзырлы органдармен бірлесіп қайғылы оқиғаның барлық мән-жайын тексеру үшін комиссия құрды.
"Пойызда жолаушылар өз тамағын тұтынғанын хабарлаймыз. Қазіргі уақытта баланың денесі сот-медициналық сараптамаға жіберіліп, қылмыстық іс қозғалды", – деп қосты басқармадағылар.
Білім беру басқармасы тарапынан қайтыс болған баланың отбасына барлық көмек көрсетіледі.