Ата Заңның 77 бабына түзету енгізіледі, бұл мәтіннің 84 пайызына тең – Конституциялық комиссия
Конституциялық комиссияның жаңа отырысында Конституциялық сот төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұханов Ата Заңға енгізілетін өзгертулер мен түзетулердің жобасымен таныстырды. Комиссия мүшесінің айтуынша, Ата Заңның 77 бабынаа түзетулер дайындалды.
"Бұл Конституция мәтінінің 84 пайызын құрайды. Осылайша, өзгертулер мен толықтырулар негізгі заңның барлық бөлімдерін қамтиды. Конституция бөлімдерінің атауларын өзгерту немесе баптардың мазмұнын нақтылау жай ғана редакциялық түзету емес. Бұл негізгі заңның сапасын арттыратын маңызды әрі терең ойластырылған қадам. Нәтижесінде өзгеріп жатқан құқықтық қатынастарға сай келетін нормалар белгіленеді", – деді Бақыт Нұрмұханов.
Оның айтуынша, жаңартылған Конституция жобасында Преамбула, 11 бөлім және 104 бап бар. "Халық кеңесі" және "Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу" атты екі жаңа бөлім енгізілген. Мамандар Конституцияның нормаларын дұрыс жазу, мағыналық сәйкессіздіктер мен қарама-қайшылықтарды, сондай-ақ түсініксіздіктерді болдырмау бойынша үлкен жұмыс атқарды. Жиынтық жобада ұсынылған новеллалар Қазақстанның конституциялық негіздерін қамтып, оның келбетін түбегейлі өзгертеді. Бұл түзетулер көзделген институционалдық және құрылымдық реформалар үшін үлкен әлеуетке ие.
"Адам мен азаматтың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын жүзеге асыру және қорғау кепілдіктері күшейтіліп жатыр. Президенттік басқару формасын сақтай отырып, мемлекеттік билік құрылымы айтарлықтай өзгереді", – деді Конституциялық сот төрағасының орынбасары.
Сонымен қатар ол негізгі өзгерістерді де атап өтті. Олар:
- жаңа бір палаталы Парламент моделі енгізіледі;
- азаматтардың мемлекеттік басқаруға қатысу мүмкіндіктері кеңейеді;
- Конституциялық соттың құқық қорғау тетіктері мен Ата заң негізінде құқық үстемдігін қамтамасыз ету бойынша қызметінің тиімділігі артады.
Бақыт Нұрмұхановтың хабарлауынша, конституциялық новеллалар мемлекет миссиясын, оның функцияларының мазмұнын, мемлекеттік органдар, қоғамдық ұйымдар мен азаматтар арасындағы өзара қарым-қатынас қағидаттарын жаңа қырынан түсінуге мүмкіндік береді, азаматтық қоғам институттарын мемлекеттік маңызы бар мәселелерді шешуге кеңінен тартуға жол ашады.