Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов өзінің Telegram арнасында Қазақстандағы паллиативтік көмекті дамыту мәселелеріне тоқталды. 

Оның айтуынша, Қазақстанда 100 мыңнан астам адам, оның ішінде онкологиялық аурулардың соңғы сатысындағы науқастар, инсульттан кейінгі адамдар және жазылмайтын аурулары бар балалар осындай көмекке мұқтаж. 

Дегенмен, салада шешілмеген мәселелер аз емес: 

  • хоспистердің жетіспеушілігі;
  • ауырсынуды басатын дәрілерге қолжетімділіктің шектеулілігі; 
  • білікті мамандардың тапшылығы;
  • паллиативтік көмекке арналған ағымдағы бюджеттегі тарифтер тым төмен және тағы басқалар.

Оқи отырыңыз: "Жайма – адам баласы барынша шынайы болатын жалғыз кеңістік". Оспан Әли хоспис өмірін арқау еткен көрмесі туралы


"Осындай қиындықтарға қарамастан, келесі жылдың бюджет жобасында паллиативтік көмекті қаржыландыруды қысқарту ұсынысын көргенде, бұл шешімнің қаншалықты әділетсіз екенін түсіндік. Біз, керісінше, қаржыландыруды 4 млрдқа дейін ұлғайтуға күш салдық, өйткені әрбір адам өмірінің соңғы күндерін азапсыз, құрметпен және тыныштықпен өткізуге лайық. Бұл тек денсаулық сақтау мәселесі емес – бұл адамгершілік мәселесі", – деді Асхат Аймағамбетов. 

Сондай-ақ, депутат паллиативтік көмекке бөлінетін тариф көлемін шұғыл түрде қайта қарау қажеттігін айтты. Оның сөзінше, бұл ұсынысты Денсаулық сақтау министрлігі қолдап отыр.