Астық одағы: Қазақстанда нан тағы да қымбаттайды
Оған себеп – егін егу науқаны кезінде болатын шығындардың, тұқымдық бидай, жанармай және тыңайтқыш бағасының өсуі.Қазақстанда нанның бағасы тағы қымбаттауы мүмкін. Өйткені, биыл бидай бағасы 30 пайызға өскен. Сол себепті кей кәсіпорындар қазірдің өзінде шығаратын өнімдерінің құнын көтеруге мәжбүр болып отыр, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Қазақстан астық одағы қымбатшылықтың негізгі себебін қуаңшылық пен жанар-жағармай тапшылығымен байланыстырады. Қазір бидайдың тоннасы 118 мың теңгеден сатылып жатыр. Бағаның бұлай шарықтауы ұн шығаратын ең ірі кәсіпорындардың өзіне қиындық туғызды.
"Биыл бидай бағасы қатты қымбаттады. Әрине, ол біздің компаниямызға әсер етіп, шығаратын өнімдеріміздің бағасын амалсыз көтеріп жатырмыз", – деді Көкшетау қаласындағы астық өндіруші компания басшысы Максим Белусев.
Биыл бидайдың бірден 30 пайызға қымбаттауына қуаңшылық кесірінен дақылдың аз шығуы себеп болған. Оған жанармай мен астықты егуге керекті химиялық дәрілер бағасының да күрт өсуі қосылып отыр. Қазақстан астық одағының өкілдері баға келесі егін науқанына дейін тұрақталмайтыны анық екенін айтты. Өйткені, диқандар ақпан-наурыз айларында қоймадағы бидайды тіпті қымбатқа сатуы мүмкін деген болжам бар.
Оқи отырыңыз: "Әр дүкенге – бес нан". Алматы дүкендерінде нан дефициті басталды
"Келесі күзде жаңа астық жинау науқаны басталғанға дейін бидай бағасы төмендемейді деп ойлаймын. Керісінше, өсуі мүмкін. Оған басты себеп – алдағы көктемде егін егу науқаны кезінде болатын шығындардың, тұқымдық бидай, жанармай, тыңайтқыш бағасының өсуі", – дейді Қазақстан астық одағының ресми өкілі Қазыбек Омаров.
Астық одағы мемлекеттік "Азық-түлік корпорациясы" ұн өндірушілерге бидайды арзандатып берсе ғана биыл бағаны тұрақтандыруға мүмкіндік барын мәлімдеді.