Астанадағы LRT желісіндегі "Театр" станциясында өрт шықты. Оқиға 5 мамыр күні кешкі сағат 22:18 шамасында станцияның солтүстік өткеліндегі кіреберіс бөлігінде болған, деп хабарлайды City Transportation Systems (CTS) компаниясы.

CTS мәліметінше, өрт дәнекерлеу жұмыстары кезінде тұтанған. Алдын ала болжам бойынша, жұмыс барысында ұшқын құрылыс қалдықтарына түсіп, салдарынан өрт шыққан.

"Төтенше жағдай кезінде шамамен 20 шаршы метр аумақта пластик құбырлар мен минералды мақта жанған. Алайда өрт сөндірушілер жеткенге дейін станция қызметкерлері алғашқы өрт сөндіру құралдарының көмегімен тілсіз жауды жедел ауыздықтаған", – делінген хабарламада.

Компания өкілдері өрттің станция конструкциялары мен негізгі жабдықтарына таралуына жол берілмегенін атап өтті. Оқиға салдарынан зардап шеккендер жоқ.