Астанадағы гүлзарға II Елизавета патшайымның есімі беріледі
Мәулен Әшімбаев Ұлыбритания патшайымы Екінші Елизаветаны мемлекеттік жерлеу рәсіміне қатысты.Астананың орталық саябағындағы гүлзарлардың біріне Екінші Елизавета патшайымның есімі беріледі. Бұл туралы Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевтың Ұлыбритания патшайымы Екінші Елизаветаны мемлекеттік жерлеу рәсіміне қатысу сапарында белгілі болды. Рәсім Букингем сарайында өтті.
Мәулен Әшімбаев жерлеу рәсіміне президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша қатысып, көңіл айту кітабына жазба қалдырды. Сонымен қатар ол Үшінші Чарльз патшаға мемлекет басшысы мен Қазақстан халқының атынан жеке көңіл айтып, Қазақстан президенті Астанадағы жаңа гүлзарлардың біріне патшайымның атын беру туралы шешім қабылдағанын хабарлады.
Британ монархы 1996 жылы тақ ханзадасы ретінде Қазақстанға жасаған сапарын еске алып, марқұмға жасалған құрметке ризашылық білдіріп, республика басшылығы мен халқына ізгі тілегі мен алғысын жеткізді.
Оқи отырыңыз: Тақ үстіндегі 70 жыл: Екінші Елизавета патшайым өмірінен ең маңызды деректер