Астанадағы балабақшалардың электронды кезегіне хакерлер шабуыл жасады
Жоспар сәтсіз болды: электронды порталдағы азаматтың жеке кабинеті бұғатталды.Астана қаласының тұрғыны порталда бұғатталып қалған жеке кабинетін ашуға және балабақшаға кезекті қалпына келтіруге міндеттеу туралы талаппен сотқа жүгінді. Тексеру барысында бұл мәселенің басқа қыры ашылды. Бұл туралы Астана қалалық соты хабарлады.
Сотқа арыз жазушы мемлекеттік қызмет көрсету және келісімшарт қағидаларын бұзып, мектепке дейінгі ұйымға жолдама алу үшін үшінші тұлғалардың қызметін пайдаланып, оларға ақпараттық жүйенің жеке кабинетінен есеп деректерін берген.
Сот отырысында талапкер өзінің жеке кабинетінің есептік деректерін үшінші тұлғаларға бергенін растады.
"Ұсынылған электрондық құжаттамадан талапкердің мүддесі үшін мектепке дейінгі ұйымға жолдама алу үшін интернет-порталға хакерлік шабуыл қолдана отырып, үшінші тұлғалардың іс-әрекеттері жүзеге асырылғаны анықталды", – деп жазылған хабарламада.
Оқи отырыңыз: Жыл басынан бері Қазақстанда 15 млн алаяқтық қоңырау анықталған.
Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының шешімімен оның талап-арызы қанағаттандырусыз қалды.
Сот шешіміне тараптар шағымданбады және шешім заңды күшіне енді.