Астанада жол ережесін бұзған көліктерді ақылы эвакуациялау жүйесі енгізілді. Бұл шара жол қауіпсіздігін арттыруға және қаладағы көлік жүктемесін азайтуға бағытталған, деп хабарлайды әкімдіктің баспасөз қызметі

Қала әкімдігінің мәліметінше, енді арнайы эвакуаторлар жұмыс істеп, ереже бұзған жүргізушілердің көліктерін коммуналдық тұрақтарға жеткізеді. Бұл шешім көлік жүйесін кешенді дамыту аясында қабылданған. Себебі дұрыс қойылмаған көліктер қозғалысқа кедергі келтіріп, қауіпсіздікке әсер етеді.

Жол қозғалысын ұйымдастыру орталығының директоры Марат Садуовтың айтуынша, тұрақ және аялдау ережелерін бұзу көшелердің өткізу қабілетін 50%-ға дейін төмендетеді. 

"Қазіргі таңда елордада 600 мыңнан астам автокөлік тіркелген. Автоматтандырылған жүйелер күн сайын 2 мыңнан астам құқықбұзушылықты анықтайды. Эвакуация ең алдымен жаяу жүргіншілер өткелдерінде, тротуарларда және мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған орындарда заңсыз қойылған көліктерге қолданылады. Сонымен қатар, адамдар көп жиналатын және қозғалысқа кедергі келтіретін аумақтарда да жүзеге асырылады. Жүйе толық цифрландырылған: құқықбұзушылықтар автоматты түрде тіркеліп, мәліметтер полицияға жолданады. Кейін көлік иесіне eGov Mobile арқылы хабарлама келеді. Эвакуация туралы шешім полиция қызметкері тарапынан цифрлық форматта рәсімделеді", – делінген хабарламада.

Егер жүргізуші бұзушылықты сол жерде түзесе, көлігі эвакуацияланбайды, тек әкімшілік айыппұл салынады. Ал көлігін таба алмағандар "102" немесе "112" нөмірлеріне хабарласа алады.

Эвакуация құны – 3 АЕК, ал арнайы тұрақта сақтау ақысы бөлек төленеді.