Астанада Жеңіс күніне орай соғыс ардагерлері қанша теңгеден алады?
ҰОС ардагерлеріне ірі көлемде біржолғы төлем жасалды.
Астанада 9 мамыр – Жеңіс күні қарсаңында ардагерлерге дәстүрлі біржолғы әлеуметтік төлемдер берілді. Бұл туралы қала әкімдігінің ресми сайты хабарлады.
Қалалық мәслихаттың қаулысына сәйкес, Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне 5 млн теңге көлемінде төлем жасалған.
Сонымен қатар басқа санаттағы азаматтарға да әлеуметтік көмек көрсетілді:
- ҰОС-қа теңестірілген ардагерлер (476 адам) – 45 АЕК (194 625 теңге);
- басқа мемлекеттер аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері (1167 адам) – 45 АЕК;
- тыл еңбеккерлері мен өзге де санаттағы азаматтар (1753 адам) – 15 АЕК (64 875 теңге).
Жалпы алғанда, қала бойынша 3398 адамға біржолғы төлем берілген.
Бұдан бөлек, ардагерлерге жергілікті бюджет есебінен бірқатар әлеуметтік қолдау шаралары қарастырылған. Олардың қатарында коммуналдық қызметтерге ай сайынғы төлемдер, тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, қоғамдық көлікте жеңілдікті жол жүру және санаторлық-курорттық емделу бар.