Жазда Астана қаласында жеке инвестициялар есебінен салынған жаңа оқушылар сарайы ашылады. 5 қабатты ғимараттың ауданы 7500 шаршы метрді құрайды, спорт және шығармашылық залдардан бөлек 25 метрлік бассейні де болады. Бұл туралы Астана әкімі Жеңіс Қасымбек жазды.

"Балаларды көбірек қамту үшін үш жыл ішінде 15 оқушылар сарайын салуды жоспарлап отырмыз. Олардың бесеуінің құрылысын осы күзде бастаймыз", – деді шаһар басшысы.

Ол, сондай-ақ қаладағы мектеп құрылысы жайында да баяндады. Оның сөзінше, қазіргі уақытта қалада 14 мектептің құрылысы жүріп жатыр, оның 11-і жаңа оқу жылы ішінде ашылады.


Оқи отырыңыз: Биыл жемқорлардан жиналған қаражатқа 70-тен астам мектеп салынады


"Бұл жаңа мектептер құрылысы жүріп жатқан жаңа аудандарда да, оң жағалауда да, елді мекендерде де орналасқан. Сонымен қатар олардың бір бөлігі апатты күйдегі мектептерді алмастырады", – деді Жеңіс Қасымбек.

Сол сияқты Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Астанада алдағы екі жылда "Жайлы мектеп" ұлттық жобасы аясында 24 мектеп салынады. Олар 90 мыңға жуық оқушы орнын (2 ауысымды) ашуға мүмкіндік береді.