Астанадағы "Әзірет Сұлтан" мешітінде І республикалық "Үздік имам" интеллектуалды білім сайысы өтіп, үздіктер марапатталды, деп хабарлады ҚМДБ баспасөз қызметі. 

ҚМДБ төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының айтуынша, басқарманың басты міндетінің бірі – дін қызметкерлерінің біліктілігін үздіксіз көтеріп, ел бірлігіне, қоғам тұрақтылығына, отбасы құндылықтарына, ізгілік пен адамгершілікке үндейтін сауатты діни кадрлар даярлау. Өйткені имам мешіт қызметкері ғана емес, ол қоғамның рухани тірегі, ұлттық тәрбиенің, ел тыныштығы мен ұлт бірлігінің ұйытқысы.

"Бүгінгі білім сайысы әрбір имамның өз әлеуетін көрсетіп, білімін шыңдап, тәжірибесін байытуына үлкен мүмкіндіктуғызды деп есептеймін. Білім сайысына еліміздің әр облысынан іріктеліп келген ең үздік имамдар өздерінің білімі мен парасын паш етті. Сондықтан осы сайысқа қатысқан әрбір имам жеңімпаз атанды деп санаймын. Алла қаласа, имамдар арасындағы бұл жарыс жыл сайын жаңа деңгейде ұйымдастырылып, дәстүрге айналады деген сенімдемін", – деді Бас мүфти.

І республикалық "Үздік имам" интеллектуалды білім сайысының жеңімпаздары:

  • I орын: Бекзат Құсанбаев – ШҚО, Өскемен қалалық орталық мешітінің наиб имамы;
  • II орын: Нұрлан Мұрат – Жамбыл облыстық "Һибатулла Тараз" мешітінің наиб имамы;
  • III орын: Қуаныш Әбішев – Алматы қалалық Орталық мешітінің наиб имамы.

Сонымен қатар, жүлдегерлер қатарына енбеген имамдарға  50 мың теңгеден  ынталандыру сыйақысы берілді.