Астанада пешпен жылытатын үйлерде тұратын тұрғындарға қатты отын сатып алуға арналған әлеуметтік өтемақы төленеді, деп хабарлады қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы.

Әлеуметтік көмек Астана қаласы мәслихатының 2023 жылғы 3 қазандағы № 84/10-VIII шешімімен бекітілген қағидаларға сәйкес көрсетіледі. Өтемақыны төлеу және өтініштерді қабылдау қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы арқылы жүзеге асырылады.

Кімдер ала алады?

Көмек келесі санаттағы азаматтарға тағайындалады:

  • жасы бойынша зейнеткерлер;
  • мүгедектігі бар адамдар және мүгедектігі бар балалар;
  • әлеуметтік маңызы бар ауруларға шалдыққандар;
  • көпбалалы аналар мен көпбалалы отбасылар;
  • жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалғандар;
  • балалар үйлерінің түлектері;
  • асыраушысынан айырылу жәрдемақысын алатын азаматтар (олармен бірге тұратын 18 жасқа дейінгі балалар және 23 жасқа дейінгі күндізгі бөлім студенттері үшін).

Қандай талаптар бар?

Көмек алу үшін:

  • жан басына шаққандағы табыс мөлшері төрт ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспауға тиіс;
  • өтініш беруші мен отбасы мүшелерінің өзге тұрғын үйі болмауы керек;
  • отбасы пешпен жылытылатын жеке үйде тұруы қажет.

Көмек мөлшері қандай?

2025 жылғы жылыту маусымына арналған өтемақы көлемі 16 айлық есептік көрсеткішті (АЕК) құрайды — бұл 62 912 теңге. Егер бір үйде көмек алуға құқығы бар бірнеше адам бірге тұрса, өтемақы тек біреуіне ғана төленеді.