Астанада бұрынғы қызына 150 рет қоңырау шалып, балағат сөздер жазған ер адам сотталды
Астанада ер адам бұрынғы қызын бірнеше ай бойы қудалағаны үшін сотталды. Бұл туралы Астана қаласының прокуратурасы хабарлайды.
Баспасөз қызметінің мәліметінше, ер адам 2025 жылғы қыркүйектен 2026 жылғы ақпанға дейін жәбірленушіге 150-ден астам рет қоңырау шалып, балағат сөздер жазылған мазмұндағы агрессивті хабарламалар жіберген.
"Сонымен қатар, ол қарым-қатынас тоқтатылғанына қарамастан, қызбен жеке кездесуге келіп, оның жұмыс орны – сұлулық салонында жанжал шығарған. Келу барысында мүлікке зақым келтіріп, жәбірленуші мен оның отбасы мүшелеріне қорқыту сөздерін айтқан. Осының салдарынан жәбірленуші ұзақ уақыт бойы қорқынышта өмір сүруге мәжбүр болған", – делінген хабарламада.
Сот үкімімен кінәлі адамға 100 сағат қоғамдық жұмыс түріндегі жаза тағайындалды. Сондай-ақ оған жәбірленушіні іздеуге, қудалауға және кез келген байланыс орнатуға тыйым салынды.
Бұдан бөлек, сот ер адамнан 392 мың теңге материалдық шығын мен 150 мың теңге моральдық зиян өндіру туралы шешім шығарды.