Астанада ауа райына байланысты мектептер онлайн форматқа ауысты
0–9 сыныптар қашықтан оқиды.
Астанада ауа райының қолайсыздығына байланысты бірінші ауысымда оқитын 0–9 сынып оқушылары қашықтан оқыту форматына ауыстырылады. Бұл туралы қалалық білім басқармасы хабарлады.
"2026 жылғы 6 ақпан күні ауа райының қолайсыздығына байланысты бірінші ауысымның 0–9 сынып оқушылары қашықтан оқыту форматына көшіріледі", – делінген ресми хабарламада.
Синоптиктердің болжамынша, елордада қалың қар жауып, көктайғақ болады. Түнде және таңертең тұман түсіп, күндіз жаяу бұрқасын соғады. Желдің екпіні секундына 15–20 метрге дейін жетуі мүмкін. Мамандар қала тұрғындарын сақ болуға, қажетсіз сыртқа шықпауға және жол қозғалысы кезінде қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырады.