Астанада алғаш рет әуесқой хоккейшілер арасында 4×4 форматындағы турнирі өтіп, оған 32 команда қатысты. Олардың қатарында бес команда Қарағанды облысынан арнайы келген. 

Қысқы сайыста 18 бен 50 жас аралығындағы ойыншылар мұз айдынына шықты. 

Қазақстан хоккей федерациясының бас директоры Азамат Айтхожиннің айтуынша, аула жарысынан қалалық деңгейге дейін өскен алғашқы турнирдің 4×4 форматында өтуі жарыстың қызықты өтуіне мүмкіндік берген. 

"Ойынның тартысты өткені сол – денемнен әлі бу шығып тұр. Жарыстың қызу әрі көңілді өтетінін алаңға келген сәттен-ақ сезіп едім. Турнир қатысушыларының бәрі де келесі жарысты тағатсыздана күтетініне сенімдімін", – деді Астананың әуесқой хоккей лигасының директоры Виталий Сахнов.

Жарыс қорытындысында Red Dogs командасы Red Bull Open Ice турнирінің жеңімпазы атанып, арнайы кубокты иеленді. Оған қоса, команда Екатеринбургте өтетін хоккей жарысына жолдама алды. Екінші орын "Достар" командасына бұйырса, "Астана" командасы үздік үштікті тұйықтады. 

Сондай-ақ, әуесқой хоккейшілер Владислав Муравский "Үздік шабуылшы", Александр Молодцов "Үздік сұрмерген", Хаким Белов "Ең бағалы ойыншы" (MVP) атанды.