Астана қаласының мәліметінше, Республика күнін мерекелеу қарсаңында елорда тұрғындары "Менің елім – менің туым!" челленджін өткізді. Астананың 5 ауданында терезелер мен балкондарға және көше бойына 1000-ға жуық ту ілінді.

"Астана жастары" еріктілеріі мемлекеттік рәмізді дәріптеу бойынша алғашқылардың бірі болып үлкен акцияны бастады. Instagram желісінде олар қазақстандықтарды өздерінің тумен түскен фото/видеоларын жариялауға және #RepublicDay #РеспубликаКүні #kzdayrepublic хэштегімен белгілеуге шақырды.

Еріктілердің айтуынша, патриоттық шара жыл сайын өткізіледі. Бұл тек безендірілген үйлердің тұрғындарының ғана емес, елорда көшелерімен өтіп бара жатқан адамдарды да қуанышқа бөлейді. Астаналықтар бұл бастаманы жылы қабылдап, акцияға қосылды.

"Мұндай көрініс ерекше әсер береді. Жұмысқа бара жатқанда осы көрініске көз жүгіртіп, көңіл-күйім көтеріледі. Менің ойымша, адамдарды күнделікті күйбең тірліктен алшақтатып, ойын бөлу керек", – деді Астана тұрғыны Тамара Суворина.


Оқи отырыңыз: 200-ден астам мерекелік іс-шара: Астанада Республика күні қалай тойланады?


Айта кетейік, қаланың орталық көшелерінде: Тәуелсіздік, Б.Момышұлы даңғылдары, Сарайшық, Сығанақ, Достық көшелері, Республика, Ұлы дала даңғылдары және тағы басқа жол бойында Қазақстанның тулары ілінген. Жалпы Астана қаласы бойынша мыңнан астам ту ілінді. Акция жалғасуда.