Астана мен Алматы. Биыл балалардың жазғы демалысы қалай ұйымдастырылады?
Екі қала бойынша 500 мыңға жуық бала жазғы демалыспен қамтылған.Астанада 200 мыңға жуық, Алматыда 270 мың бала жазғы демалыспен қамтылады. Бұл туралы қала әкімдіктерінің сайты хабарлады.
Астана
Елордалық білім басқармасы басшысының орынбасары Серік Әділбаевтың айтуынша, 197 869 оқушы биыл жазғы демалыстың барлық түрімен қамтылады.
"Биыл 1-10 сынып оқушыларының 98 пайызына жазғы демалыс ұйымдастырылған. 85 мектепте бастауыш сынып балаларына арналған мектеп жанындағы лагерь жұмыс істейді. Маусым айында оқушылар сарайларында қолданбалы өнер, ағылшын тілін үйрену және т.б. бойынша қысқа мерзімді хобби-клубтар құрылады. Қала сыртындағы "Арман" және "Боровичок" спорттық-сауықтыру лагерінде 2800 бала демалады",– деді Серік Әділбаев.
Сонымен қатар, маусым, шілде айларында Әл-Фараби атындағы оқушылар сарайы мен "Ұшқыр ой алаңы" пікірсайыс қозғалысы 2-3 маусымдық жазғы демалыс академиясын ұйымдастырады.
Қалада оқушыларға 209-дан астам мектеп жанындағы және 20-дан астам қала сыртындағы лагерьлер жұмысы жоспарланып отыр. Бұл туралы қалалық білім басқармасы басшысының орынбасары Жанат Айтпаева айтты.
Мектеп жанындағы лагерь балаларына театрларға, мұражайларға, кітапханаларға тегін бару қарастырылған.
"Жаз бойы оқушылар сарайында 750 баланы қамтитын "Өрнек" лагері жұмыс істейді. Бұдан бөлек 60 мыңнан астам балаға секциялар, клубтар, үйірмелер, еңбек топтары, экскурсиялар қарастырылған. 14 мыңнан астам бала спорт секцияларымен, техникалық және көркемөнер үйірмелерімен, сондай-ақ дойбы, шахмат, үстел теннисі, бокс, күрес, гимнастика, домбырада ойнауды үйрену, би, футбол және басқа ойындармен қамтылады"– деді Жанат Айтпаева.