Астана әуежайындағы ақша айырбастау пункті неге жабылуы мүмкін
Кәсіп иесі әуежайдың жаңа басшылығы жалға алу жөніндегі келісімшартты ұзартудан бас тартқанын айтады.Белгілі кәсіпкер, республиканың бірнеше әуежайындағы ақша айырбастау пункттерінің иесі Айнұр Рахымова Астана әуежайындағы кәсібінің заңсыз кедергілерге тап болып отырғанын мәлімдеді.
Ол Астана халықаралық әуежайы жаңа шетелдік инвестордың басқаруына берілгеннен кейін ақша айырбастау пункті орналасқан жерді жалға алу шартын ұзарта алмай отырғанын айтады. Кәсіпкердің түсіндіруінше, әуежайды Yes Exchange ақша айырбастау пунктінің екі кассасы жұмыс істейді, сәйкесінше әуежай басшылығымен екі жалға алу шарты жасалған.
"Шарт талабына сәйкес, биылғы наурыз айында шарт қызметін ұзарту бойынша әуежай басшылығына ресми хат жолдаған болатынбыз. Жауап болмады. Ал 1 сәуір күні олардан орынды бір күнде босату жөнінде хабарлама алдық. Бұл заңға да, шарт талабына да қайшы. Қазір бір касса ғана жұмыс істеп тұр. Оның шартын қыркүйекте ұзартуымыз қажет. Алайда, жазған хатымызға тағы да жауап ала алмай отырмыз", – деді Айнұр Рахымова.
Кәсіпкердің сөзінше, алғашқыда әуежайдың жаңа басшылығы тарапынан ақша айырбастау пунктіндегі курстық айырма және әуежайда бәсекелес ақша айырбастау пунктінің болмауы жөнінде наразылықтар айтылған.
Оқи отырыңыз: Астана әуежайы БАӘ инвесторымен бірлескен жұмысты бастады
"Дегенмен, әуежайға бәсекелес компанияны біз әкелмейміз ғой. Кейін әуежайдың басқа бөлігінен бәсекелес ақша айырбастау пункті ашылды. Оған біз қарсы емеспіз, әрбір кәсіпте бәсеке болуы керек. Тіпті, әуежайды 10-15 пункт ашылса да, біз жұмысымызды жалғастыруға даярмыз. Сондай-ақ, курстық айырманы қаржылық реттеуші – Ұлттық банк белгілейді. Біз соған сай, заң аясында курстық айырманы қоямыз", – деп түсіндірді Айнұр Рахымова.
Кәсіпкер бұл жағдай бойынша Астана қаласының экономикалық сотына шағымданғанын және қазір сот процесі жүріп жатқанын хабарлады. Сотта қарсы тарап "кәсіпкер жалға алу төлемдерін уақытылы жасамады" деген уәж келтірген. Алайда, Айнұр Рахымова жалға алу төлемдері де, мемлекетке салықтар да, тіпті коммуналдық төлемдер де уақытылы төленгенін алға тартады.
"Біз тараптан барлық міндеттемелер уақытылы орындалғандықтан, бізге төлем жасамағанымыз не төлемді кешіктіргеніміз жөнінде ешқандай хабарлама да келген емес", – дейді ол.
Оқи отырыңыз: Астана әуежайы Қазақстан азаматтарына үндеу жасады
Ал қорғаушы, Алматы қалалық адвокаттар алқасының адвокаты Алма Мусинаның айтуынша, "Сервис-Аст" ЖШС компаниясының талап-арызының мақсаты ҚР Азаматтық кодексінің 557-бабының талаптарына сай келеді. Бұл бапта өз міндетін лайықты атқарған жалға алушының жалға шарт мерзімі біткен жағдайда оны жаңа мерзімге жасау бойынша артықшылықтарға ие екені көрсетілген.
"Яғни, компания өзінің артықшылық құқығына сәйкес, әуежай басшылығынан басқа компаниямен жасалған шартта көрсетілген құқықтар мен міндеттемелерді өзіне ауыстыруды немесе өзімен шарт жасасуды заң жүзінде талап отыр. Сотқа шағымдану себебі де осы. Талап-арызды қазір Астана қаласының экономикалық соты қарап жатыр", – деп түсіндірді адвокаты Алма Мусина.
Соттың қорытынды отырысы 5 тамызға жоспарланған. Дәл осы күні сот үкімі шығуы тиіс.
Еске салайық, Астана халықаралық әуежайы Біріккен Араб Әмірліктерінен келген инвестор Terminal Holdings компаниясының басқаруына өткен болатын. Бұл жөніндегі келісімшарт бір жылға жасалған. Мұндағы мақсат – әуежайлы мультимодалды хаб ретінде дамыту, ұшу-қону жолағына күрделі жөндеу жүргізу, жүк терминалының қуаттылығын мен жолаушылар санын арттыру. Келісімшартты ұзарту-ұзартпау мәселесі инвестордың бір жыл ішінде атқарған жұмысының нәтижесіне қарай шешілуі қажет.