Астанада құрылыс компанияларымен олар салып жатқан жаңа тұрғын үйлерге қазақша, ұлттық мазмұндағы атау беру бойынша мәмілеге келу жұмысы жүріп жатыр. Бұл туралы Астана қаласының тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сәкен Есіркеп хабарлады

Оның айтуынша, Қазақстанда тұрғын үй атауын қоюды реттеу бойынша заңнамалық механизмдер жоқ. Соған байланысты, Астана әкімдігі бұл мәселені әр компаниямен жеке кездесіп, келіссөз жүргізу арқылы шешуді қолға алған. 

Әзірге дейін мұндай кездесу әрқайсы кемінде 10-нан 30-ға дейін үй салып жатқан 5 ірі құрылыс компаниясымен жүргізілсе, алдағы уақытта тағы 15-ке жуық құрылыс компаниясының өкілдерімен кездесу жоспарланған. 

"Кездесуде біраз үйдің атын ұлттық мазмұнда қою туралы мәмілеге келдік. Компания аты орысша болса да үйлерінің атын "Дарын", "Шарын", "Отбасым", "Анар", "Алтын сапа", "Таңдау", "Заман", "Жаңа әлем", "Жаңа өмір" деп қойған Svoy Dom компаниясын үлгі қылып көрсетуге болады", – деп жазды Сәкен Есіркеп.


Оқи отырыңыз: Қазақстандағы 64 елдің елшілігінің тоғызы ғана ресми сайтында қазақша ақпарат таратады