Әскерден оралған 600-ден астам сарбаз білім грантына ие болды
Қазақстанда Отан алдындағы борышын өтеп келген 600-ден астам сарбаз білім грантын алды.Олар еш сынақсыз жоғары оқу орнында тегін оқиды. Сонымен қатар, бұл студенттерге түрлі жеңілдік пен көмек қарастырылған, деп хабарлайды 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Әскери борышын өтеп келген жастардың басым бөлігі Алматыдағы университеттерді таңдаған. Мәселен, Қаныш Сәтбаев атындағы оқу орнында Қорғаныс министрлігінен сертификат алған 15-ке жуық сарбаз білім алып жатыр. Олар оқуға ҰБТ тапсырмай-ақ қабылданған.
"Ақтау қаласындағы «Теңіз жаяу» әскери бригадасында борышымды өтеп келдім. Қазіргі таңда Қаныш Сәтбаев атындағы техникалық университетке өзімнің армандаған мамандығым бойынша оқуға түстім. Оған қорғаныс министрлігінің сертификаты көмектесті. Келешекте әскери мамандықты жалғастырсам деген ойым бар", – деді студент Ұлас Раушанбек.
Оқи отырыңыз: Әскерге шақырылған әрбір оныншы сарбаз оқуға тегін түсе алады.
Әскерге барып келгендерді жатақхана, шәкіртақымен қамтамасыз ету де қарастырылып жатыр. Сонымен қатар, жастар офицер атағын алу үшін әскери кафедраларда тегін білім ала алады.
"Университет ректоры Қорғаныс министрлігімен 100 сарбазды оқуға қабылдау туралы келісімге келді. Биыл оқуға түскен студенттерге бірнеше мамандық ұсындық. Олардың басым бөлігі су шаруашылығы, машина жасау, тағы да басқа техникалық мамандықты таңдады. Біз университет тарапынан оларға барлық жағдайды жасауға тырысамыз", – деді Сәтбаев университетінің проректоры Бақыт Жәутіков.
Сарбаздар тегін білім алу үшін Қорғаныс министрлігінің порталында орналасқан ақпараттық жүйе арқылы іріктеуден өтеді. Ол үшін Қорғаныс министрлігінің комиссиясы сарбаздың мерзімді әскери қызметін өткеру кезінде жауынгерлік, әскери-кәсіби даярлықта, әскери тәртіпте көрсеткен нәтижесін ескереді. Қазір онда 38 мыңнан аса адам өтініш берген.
Оқи отырыңыз. Әскерден келген жастар университетте тегін оқи алады. Ол үшін не білу керек?