Ас беру, қариялар батасы, жеті атаға дейін қыз алыспау Исламмен үйлеседі – бас мүфти
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы "Егемен Қазақстан" басылымындағы мақаласында Қазақстандағы дәстүрлі Ислам туралы сөз қозғады.
"Бізді ғасырлар бойы бірлікке, татулыққа, парасатқа жетелеген дәстүрлі дін болашақта да елдегі рухани тұрақтылықтың кепілі болары анық. Себебі мұнда халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан дүниетанымы мен біртұтас мәдениеті бар. Олай дейтініміз, дәстүрлі Ислам құлшылық қана емес, ол – күнделікті өмір мәдениеті. Себебі халқымыздың тұрмыс-салтындағы қазақтың ас беруі, қариялардың бата беруі, жеті атаға дейін қыз алыспау секілді дәстүрлер дінмен үйлесім тауып, өміршең сипатқа ие болған", – деп жазды Наурызбай қажы Тағанұлы.
Оның айтуынша, қазақ топырағына Ислам діні келгенге дейін Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан қалаларда (Тараз, Сайрам, Отырар, т.б.) түркі өркениеті қалыптасқан. Бұл өркениет түркі және әлем тарихының маңызды бөлігі саналады. Ислам діні келген соң бұл мәдениет жаңа деңгейге көтерілді.
"Бүгінде мемлекетіміз Ислам дінінің құндылықтарын қорғауға атсалысып келеді. Сонымен қатар діни радикализм мен экстремизмнің алдын алу бағытында жүйелі жұмыстар атқарылды. Қазақстан Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін өткізіп, аталған жиынды дәстүрлі діндер мен конфессиялардың көрнекті өкілдері арасындағы тиімді әрі табысты диалог алаңына айналдырды. Сондай-ақ Қазақстан Ислам Ынтымақтастығы Ұйымының мүшесі ретінде мұсылман әлеміндегі ынтымақтастықты нығайтуға, Исламның бейбіт және әділ көрінісін қалыптастыруға, әлемдік мұсылман қауымдастығының мәдени мұрасын сақтауға және зерттеуге, әлемде бейбітшілік орнату мақсатында Ислам мемлекеттері арасындағы саяси диалог пен келіссөздерге қолдау көрсетуге үлес қосып келеді", – деді бас мүфти.