Аралда балық неден қырылды?
Алдын ала тұжырымдамаға сәйкес, балықтар қырылуына оттегінің аздығы себеп болуы мүмкін.Балық шаруашылығы комитеті Қызылорда облысы Арал ауданы Бөген ауылдық округіне қарасты Қарашалаң су айдынына Сырдария өзенінен су алатын каналдың (Сағынбай каналы, жергілікті халық Көгіш деп атайды) бойында балық шабақтарының қырылуы фактісін тексерді, деп хабарлады ҚазАқпарат агенттігі.
Еске салайық, 18 ақпанда сағат 16.30 шамасында Қызылорда облысы, Арал ауданы, Бөген ауылдық округіне қарасты Қарашалаң су айдынына балық шабақтарының қырылу оқиғасы тіркелген болатын.
"Балық шабақтарының жаппай қырылуына байланысты 19 ақпан күні осыған дейін бекітілген 2021-2023 жылдар аралығындағы қыс мезгілінде балық шаруашылығы су айдындарында және (немесе) учаскелерінде балықтардың жаппай қырылу қатеріне жол бермеу жөніндегі іс-шаралар жоспарына сәйкес, құзырлы органдармен бірге зерделеу жұмысын жүргізді. Жалпы көлемі бойынша канал ұзындығы – 1,2 км жуық, ені – 16 м. Зерттеу барысында канал бойынан бірнеше ойық ойылып, балық қырылғаны (торта, табан, ақбалық) анықталды. Канал бойындағы қырылған балық шабақтарының жалпы салмағы 975,2 кг, ең кіші ұзындығы – 4,5 см, ең үлкені – 10 см. Зерттеу жүргізу күні судағы оттегі мөлшері 3,5 мг/дм³, температурасы 2,5 ºС, орташа тереңдігі 2,5 м құраған. Ғылыми ұйымның маманы өзінің алдын ала тұжырымдамасында оттегінің аздығы балықтар тіршілігі үшін қолайсыз екендігін білдірген" деп мәлім етті комитет мамандары.
Оқи отырыңыз:
- Балықты рұқсатпен аулау үшін не істеу керек?
- Қапшағай, Іле, Бартоғай. Алматы маңында балық аулауға қолайлы 10 жер
Сонымен қатар, Бөген ауылдық округінің ветеринария пунктінің қызметкерлері балықтың және Қызылорда облысы бойынша экология департаментінің қызметкерлері су сынамасын алып, сараптама жүргізіп жатыр.
Оның нәтижесі қосымша жарияланады.
Қазіргі таңда балықтардың тіршілік ету жағдайын және балық ресурстарын сақтап қалу мақсатында жергілікті артқарушы органдармен ойық жасау (оттегі беру үшін) жұмысы жүргізіліп жатқанын айта кету қажет.