Көлік министрлігі ақылы жолдарымен жүру ақысын төлеу тәртібіне өзгерістер енгізді. Тиісті бұйрыққа қол қойылды.

Министрліктің мәліметінше, жаңа өзгерістер жол пайдаланушылар үшін төлем жасау тәртібін жеңілдетіп, икемдірек етуге бағытталған. Сондай-ақ жолақысын уақытында төлемеген жүргізушілерді әкімшілік жауапкершілікке тарту жағдайларын азайту көзделіп отыр.

"Бұған дейін қолданыста болған нормаға сәйкес, жүргізуші жолақысын 7 күнтізбелік күн ішінде төлемеген жағдайда, 8-ші күні материалдар Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс бойынша қарау үшін көліктік бақылау органдарына жіберілетін. Енді жаңа тәртіпке сай, жеке тұлғалар жол жүрген күннен бастап 30 күнтізбелік күн ішінде төлем жасай алады. Егер осы мерзімде төлем жасалмаса, материалдар 31-ші күні тиісті органдарға жолданады", – делінген хабарламада.

Сонымен қатар алғаш рет жеке және заңды тұлғалар үшін бөлек тәртіп енгізілді. Егер заңды тұлғалар есепті айдан кейінгі айдың 20-сына дейін төлем жасамаса, материалдар келесі күні көліктік бақылау органдарына жіберіледі.

Аталған өзгерістер республикалық маңызы бар ақылы жол учаскелерін пайдаланатын жүргізушілерге қосымша уақыт беруді көздейді. Құжат алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап 10 күнтізбелік күн өткен соң күшіне енеді.