Ақтөбеде Heriot-Watt филиалы ашылады – Үкімет қаулысының жобасы
Филиалда студенттер қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде білім алады.Ғылым және жоғары білім министрлігі Ашық НҚА порталында Ақтөбеде Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігінің Heriot-Watt университетінің филиалын құру туралы Үкімет қаулысының жобасын жариялады.
Heriot-Watt филиалы Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің базасында жұмыс істейді.
Қаулы жобасына сәйкес, филиалда студенттер Heriot-Watt университеті мен Жұбанов университетінің аккредиттелген білім беру бағдарламалары негізінде білім алады. Оқу процесі мемлекеттік, ағылшын және орыс тілдерінде ұйымдастырылады.
"Шетелдік профессорлық-оқытушылық құрамның филиалдың жалпы профессорлық-оқытушылық құрамындағы үлесі 30 пайызды құрайды. Филиалды қаржыландыру Қазақстанның мемлекеттік білім беру тапсырысы шеңберінде алынған қаражат және Қазақстан заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен жүзеге асырылады", – делінген құжатта.
Оқи отырыңыз: Ақтөбеде оқып, қалай ұлыбританиялық Heriot-Watt дипломын алуға болады?
Еске салайық, бұған дейін Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің ректоры Лаура Қарабасова 2023-2024 оқу жылына мемлекеттік грант негізінде 300 студент Heriot-Watt университетінің филиалына келесі мамандықтар бойынша қабылданатынын хабарлаған болатын:
- Электр энергетикасы (ҰБТ-дағы бейіндік пәндері – математика-физика);
- Геоинженерия (бейіндік пәндер – математика-физика);
- Компьютерлік инженерия (бейіндік пәндер – математика-информатика).