Ақтөбе облысында жолаушылар көлігі апатқа ұшырады: 12 адам қаза болып, бес адам ауруханаға түсті
23 қазан күні "Самара – Шымкент" автожолында, Белқопа ауылы маңында ауыр жол апаты болды. DAF жүк көлігі мен "Газель" жолаушылар көлігі соқтығысып, 12 адам қаза болды, деп хабарлайды облыстық ПД.
Ақтөбе облыстық полиция департаментінің мәліметінше, алдын ала дерек бойынша жүк көлігі жолдың қарсы бетіне шығып кеткен.
"Жол апатынан екі жүргізуші мен "Газель" көлігінде отырған 10 жолаушы оқиға орнында қаза болды. Тағы бес адам ауруханаға жеткізілді", – делінген хабарламада.
Полиция дерегіне сүйенсек, "Газель" ресми түрде Жүргенов ауылынан облыс орталығына жолаушы тасымалдайтын көлік болған.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда жол апатынан зардап шеккендерге өтемақыны 2 есе арттыру мәселесі қаралып жатыр
Қайғылы оқиғадан кейін Самара–Шымкент тасжолының бір бөлігі уақытша жабылды. 09:40-та енгізілген шектеу барлық көлік түріне қатысты.
Қазір жол апатына байланысты тергеу басталды.