Ақтөбе облысында екі аптадан бері жауған толассыз жаңбырдан кейін жайылым жерлерде құрт қаптады. "Шөп-шаламға жабысқан зиянкестерді улауға шамамыз жетпейді" деген Байғанин ауданының шаруалары әкімдіктен көмек сұрады, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

Байғанин ауданының шаруалары зиянкестердің Ноғайты, Марғау ауылдарынан бастап Сағызға дейінгі 70 гектар жайылымдық жерді жайлап, жусанды жаппай жеп жатқанын айтады. Сөздерінше, ауданның жері – шөлейтті, сондықтан тек жусан ғана өседі. Оны да қазірден бастап құрт жесе, шаруалар малға азық қалмайды деп уайымдап отыр. Сол себепті олар құртты улауды өтініп, әкімдіктен көмек сұрады.

Ал облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы мамандары қаптаған құртты жою жұмыстарымен айналыспайтынын айтады.

"Бұл – шалғынды көбелек емес, құрттың басқа түрі. жусан жапырақ жегіш аталады. Күн жылы әрі ылғалды болған соң, әртүрлі зиянды құрттардың шығуына қолайлы. Қолданыстағы заңға сәйкес, бұл мемлекеттік жер болмағандықтан, бүкіл шаруашылық өз есебінен улау керек", – деді Ақтөбе облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Асылхан Әбтиев. 


Оқи отырыңыз: Космомониторинг шаруашылық жерлерін жемқорлықтан құтқара ма?