2025 жыл ресми түрде "Жұмысшы мамандықтар жылы" деп жарияланды. Бұл туралы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев екінші наурыз күнгі "Қазақстан халқына Жолдауында" айтты.

Жұмысшыларға арналған 3,5-5 пайыздық ипотека

Осы орайда Ақтөбе ферроқорытпа зауытының директоры Ержан Абдулабеков Informburo тілшісіне берген сұхбатында зауытта еңбек ететін бірнеше мыңдаған жұмыскерге қандай жағдай жасалып отырғанын айтып, биыл 3 миллионшы тонна ферроқорытпа балқытылған өндіріс орнының жетістіктеріне тоқталды. Зауыт басшысының айтуынша, бірінші кезекте жұмысшылардың денсаулығына, біліктілігін арттыруға және баспаналы болуына көңіл бөлінеді. Мұнымен қатар ол мемлекет басшысының жұмысшы мамандарға көңіл бөлуінің маңызы зор екеніне тоқталды. 

Ақтөбе ферроқорытпа зауытының директоры Ержан Абдулабеков / Фото: Зауыттың баспасөз қызметі 

"Ақтөбе ферроқорытпа зауыты жұмысшылардың қауіпсіздігіне жоғары мән береді. Дәл қазір біздің осы бағыттағы негізгі мақсатымыз өндірісте денсаулыққа қауіп төндіретін жағдайларды нөл пайызға дейін төмендету. Сол себепті жыл сайын жұмысшыларымыз тек салада озық маман болу үшін ғана емес, барынша қауіпсіздігін қамтамасыз етуі үшін біліктілігін арттырып, тиісті емтихан тапсырады. Өзге де қосымша шаралардың арқасында барлық келеңсіз оқиғалардың алдын аламыз деген үміттемін. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев барынша жұмысшы мамандықтарға қолдау көрсетіп, кәсіптік білімді дамытуға шақырып жатыр. Біз өз кезегімізде осы зауытта жұмыс істейтін азаматтарды қолдау үшін әлеуметтік пакет ұсынып келеміз. Жыл сайын мемлекет тарапынан бөлініп жатқан сақтандырудан бөлек, қосымша дәрі-дәрмекке 60 мың теңге көлемінде сома бөлінеді. Өзіміздің кәсіподағымыз, қорымыз бар. Егер бізде жұмыс істейтін азаматқа денсаулығын жақсартуға 60 мың теңге жетпейтін болса, онда ол қосымша материалдық көмек сұрауға құқылы. Яғни жұмысшыларымыздың үш миллионға дейінгі сомаға емделіп, дәрі-дәрмек алуға мүмкіндігі бар. Зауыт ашылғалы бері жылдың соңында он үшінші жалақы төлеуді тоқтатпадық. Жыл сайын инфляцияға байланысты жалақыны міндетті түрде арттырып отырамыз. Мысалы, биыл жалақы 10 пайызға артқан болатын. Келесі жылы да жағдайды тұрақтатып алған соң да, жалақы өсіру мәселесін қарастырамыз", – деді зауыт басшысы. 


Оқи отырыңыз: Қазақстан металлургиясының алғашқы қарлығашында 3 миллионшы тонна ферроқорытпа балқытылды


Ары қарай Ержан Абдулабеков зауытта жұмыс істейтін қызметкерлерді тұрғын үй мәселесі алаңдататынын жасырмады. Жыл сайын 100 отбасының үйлі болуына жәрдемдесу үшін ERG халықаралық компаниялар тобы, Ақтөбе облысы әкімдігі және "Отбасы" банк бірігіп қаражат бөлген. Ипотека 3,5-5 пайызбен беріледі. 

"Әсіресе, осындағы жастарда тұрғын үй мәселесі бар. Оларға көмек қолын созу мақсатында Ақтөбе облысы әкімдігі, "Отбасы" банк және ERG халықаралық компаниялар тобы үшжақты бірлесіп, 2 млрд 100 млн теңге көлемінде қаражат бөлді. Осы қаражатпен 2024 жылдың соңына дейін 100 шақты жұмыскеріміздің баспаналы болуына жағдай жасауды өзімізге мақсат етіп қойып отырмыз. Дәл қазір елуге жуық жұмыскеріміз жаңа пәтердің кілтін алды. Ал қалған тағы 50 шақты жұмыскеріміз өзі қалаған пәтерін таңдап жатыр. Осылайша жүз шақты отбасы барынша жеңілдетілген ипотекамен үйлі болады. Ипотека 19 жылға беріледі, ал жылдық төлемақысы өзгеріп отырады. Қателеспесем 11 жылда үстемақы бес пайыз көлемінде болады, ал он бір жылдан кейін үш жарым пайыз болады. Алғашқы жарнасы 10 пайыздан аспайды. Қажет кезде жұмыскерлерімізге білімін жетілдіру үшін көмектесеміз", – деді Ақтөбе ферроқорытпа зауытының жетекшісі. 

Фото: Ақтөбе зауытының баспасөз қызметі 

Зауыт геосаяси жағдайдан кейін логистикадағы қиындықтарды қалай шешті?

Зауыт бойынша орташа жалақы 400 мың теңгені құрайды. Бұдан аз және керісінше көп жалақы алатындар бар. Мөлшері қызметкердің қай жұмыс түрін істеп жатқанымен тікелей байланысты. Сондай-ақ, Ержан Абдулабеков соңғы апталарда тағы да жаңа қызметкерлерге қажеттілік туындағанын айтты. 

"Бүгінгі таңда 20 шақты бос орын бар. Нақты қай жұмыстарға керегін тізім етіп жазып қойғанбыз. Әр мамандық бойынша алдын ала түйіндемелерді жинап, сараптағаннан кейін таңдап алған үміткерлер цехке сұхбатқа келеді. Цех басшылығымен сұхбаттасқаннан кейін оларды жұмысқа қабылдаймыз", – деп түсіндірді зауыт басшысы. 


Оқи отырыңыз: Өрт сөндіруші Әліби Сәрсенбай: Құтқарушының дайындығы кәсіби спортшынікінен кем болмауы керек


Мұнымен қатар Ержан Абдулабеков соңғы жылдары болып жатқан геосаяси оқиғалардың логистика мәселесіне қалай әсер етіп жатқанына тоқталды. Оның айтуынша, Үкімет пен Қазақстан темір жолы тарапынан жасалған шаралар дер кезінде көмектескен. 

"Әрине, соңғы жылдары көршілес мемлекеттерде болып жатқан жағдайлар біздің жұмысымызға кері әсерін тигізді. Мұны әсіресе былтыр өте қатты сездік. Себебі сұранысқа ие өнімімізді тұтынушыларға дер кезінде жеткізу бойынша белгілі бір қиындықтар болды. Әдетте ең басты тұтынушымыз Қытай еліне қиыр шығыс арқылы – "Владивосток" деген Ресей порты арқылы тасымалдасақ, былтыр ол біз үшін жабық болды. Оның өзіндік себептері бар. Сондықтан көрші отырған Қытайдың өзіне өз өнімімізді Балтық теңізі, Қызыл теңіз арқылы тасымалдауға мәжбүр болдық. Алайда Үкімет пен Қазақстан Темір жолы тарапынан жасалған шаралардың, Қытаймен жүргізген келіссөздердің арқасында Достық-Алашанькоу секілді бекеттермен тасымалдау мүмкіндігі берілді. Осылайша өз өнімімізді көрші мемлекетке тікелей Ресейсіз жөнелтіп жатырмыз. Бүгінгі күні жағдай толық тұрақталды деп айтуға болады. Себебі Үкімет тарапынан да, Қазақстан темір жолы тарапынан да және өзіміздің логистеріміздің тарапынан да жүргізілген жұмыстардың арқасында логистикамен ешқандай проблема жоқ", – деді Ержан Абдулабеков.

Фото: Ақтөбе ферроқорытпа зауытында 10 жылдан астам уақыт жұмыс істейтін қызметкерлер

Былтыр Қазақстан металлургиясының алғашқы қарлығашы – Ақтөбе ферроқорытпа зауыты 640 мың тоннаға жуық өнім өндірсе, биыл бұл көрсеткіш жыл соңына дейін 700 мың тоннаға жуықтайды деп жоспарланып отыр. 

"Өндірілетін өнім көлемінің жылдық өсімі шамамен 10 пайызды құрайды. Биыл 700 мың тоннаға жеткіземіз деп жоспарлап отырмыз. Бүкіл дүние жүзінде шикізат пен шетелден тасымалданатын жабдықтар мен қосалқы бөлшектердің бағасы өсіп жатыр. Біздің мамандар осы өсімнің орнын толтыру үшін түрлі шаралар қолданып жатыр. Осындай жұмыстардың арқасында біз өзіндік құнды тұрақтандырған болатынбыз", – деді Ержан Абдулабеков.