Тікелей эфир

Қазақстан металлургиясының алғашқы қарлығашында 3 миллионшы тонна ферроқорытпа балқытылды

Фото: Ақтөбе ферроқорытпа зауытының баспасөз қызметі
Фото: Ақтөбе ферроқорытпа зауытының баспасөз қызметі
Ақтөбе ферроқорытпа зауыты №4 балқыту цехы бүгінде 4 мың адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.

"Қазхром" ТҰК" АҚ Ақтөбе ферроқорытпа зауытының №4 балқыту цехы алғашқы мерейтойын атап өтті. 2014 жылы іске қосылған әлемде теңдесі жоқ, ерекше өндіріс – аймақтағы ең ірі инвестициялық жобалардың бірі. Мерейлі меже қарсаңында мұнда 3 миллионшы тонна ферроқорытпа балқытылды. 

Қазақстан металлургиясының алғашқы қарлығашы – Ақтөбе ферроқорытпа зауыты №4 балқыту цехын іске қоса отырып, ферроқорытпа өндірісі саласында ұзақ жылдар бойы әлемдік нарықта еліміздің көш бастауына сеп болды. Өндіріс ошағы тек Қазақстанның ғана емес, жалпы әлемдік өнеркәсіптегі теңдессіз инновациялы технологияларды қолданады. Мұндағы 4 тұрақты тоқ пеші әлімдегі ең қуатты саналады. Қуаты – 72 МВт.  

"Өзіміз айналысатын істе үздік болу – 30 жыл бойы ERG берік ұстанып келе жатқан миссия. Заманауи өндірісті іске қосу осының жарқын мысалы. Қолда бар ресурсты тиімді пайдаланып, барынша қалдықсыз жұмыс істей отырып, жоғары сапалы металл өндіру арқылы еліміз әлемдік металлургияға жаңа бағдар берді деуге болады. Бұл трендке айналып, шетелдік әріптестер біздің тәжірибемізге қызыға бастады. Мұның өзі қазақстандық өнеркәсіптің толайым табысы", – деді ERG директорлары кеңесінің төрағасы Шухрат Ибрагимов.

Фото: Ақтөбе ферроқорытпа зауытының баспасөз қызметі

Жаңаша өндірістің құрылысы талқылана бастаған тұста Қазхром металлургтері жобаның оңай болмасын анық түсінген. Өйткені, мұндай тұрақты пештері тек Оңтүстік Африка Республикасында ғана әрі мұндағыдан әлдеқайда кіші қуаттарда пайдаланылады. Соның өзінде осы технологияларды меңгеруге ондаған жылдар қажет болған. Сондықтан, жобаны іске асыруға әлемнің озық жобалау институттары жұмылдырылып, цех құрылысына тек тәжірибелі шетелдік және отандық құрылыс компаниялары шақырылған. Арысы Павлодар, берісі Оралдан жалпы саны 4 мыңнан астам қазақстандық білікті маман іске атсалысты. 


Оқи отырыңыз: PepsiCo компаниясы Алматы облысында жеңіл тағамдар өндіретін зауыт салады


"Біз кеңінен пайдаланып жүрген дәстүрлі пештер – ауыспалы тоқ пештері. Оларға ұсақ кен жарамсыз болғандықтан, шикізаттың белгілі бір бөлігі босқа қалып жатты. Бүгінде бизнеске ESG ерекше маңызды. Өйткені, ысырапшыл өндірістің бәрі кенжелеп, тек барынша тиімді өндірушілер көшке ілесе алады. Ақтөбе ферроқорытпа зауытының №4 цехындағы пештер ұсақ кендерді де қоладана алады. Бұл өнімнің сапасын сақтай отырып, оның өзіндік құнын төмендетуге сеп", – деді Ақтөбе ферроқорытпа зауытының директоры Ержан Абдулабеков.

Ақтөбе металлургтерінің тұрақты тоқ пештерін меңгеру тәжірибесін былтыр әлемдік сарапшылар жоғары бағалады. Ақтөбе феррорқорытпа зауытының мамандары Құдайберген Жұбанов атындағы университетте бірінші халықаралық "Ферроқорытпа саласының трансформациясы: трендтер мен тәуекелдер" атты конфренция ұйымдастырған болатын. Айтулы шараға Канада, Еуропа мен Африка, Ресей мамандары, халықаралық және отандық университеттердің ғылыми қауымдастық өкілдері қатысты. Жүздесуде металлургтер теңдессіз өндірісті меңгеру барысында жинаған тәжірибелерімен бөлісті. 

Фото: Ақтөбе ферроқорытпа зауытының баспасөз қызметі

"Өндіріс ошағын салу – өте қиын іс. Ал оны жобалық қуатына шығарып, тұрақты ұстап тұру одан да қиын, – дейді "Қазхром" ТҰК" АҚ бас директоры Сергей Прокопьев. – Іске қосып, өндірісті жолға қою барысында жобалаудан кеткен қателіктер шығып, кейде жабықтар істен шығып жатты. Іске шетелдік мамандарды жұмылдырып көрдік. Алайда, өндірісті өзіміздің отандық мамандар – Ақтөбе ферроқорытпа зауытының металлургтері, Қазхром мен ERG-дің технологтары, жөндеу қызметі пеш конструкциясын жетілдіре отырып, оны жобалық қуатқа шығара алды. Осынша ауқымды жұмысты атқарған әріптестерізді мақтан тұтуымыз керек". 


Оқи отырыңыз: Қазақстанда жылына 300 мың тонна мыс балқытатын зауыт салынады


Ақтөбе ферроқорытпа зауыты №4 балқыту цехының жобалық қуаты – 72 МВт. Бүгінде ол 75 МВт қуатпен тұрақты жұмыс істеп, 80 МВт қуатқа шығу мүмкіндіктерін сынап жатыр. Кәсіпорынның өндіріс көлемі жылына 300 ден 700 мың тонна феррохром деңгейіне өсіп, 2 есеге ұлғайды. Бұл 4 мыңнан астам адамды тұрақты жұмыспен қамтып, жаңа жұмыс орындары, тұрақты салық түсімдері мен қомақты әлеуметтік инвестицияларға сеп болды. 

Серіктестер жаңалықтары