Ақтөбеде тұрғындар әкімдік бөліп берген 10 сотық жерін таппай жүр. Өйткені, шенеуніктер жер телімін қоқыс үйілген аумақтан бөліп берген. Тұрғындар заңсыз қоқыс полигонына айналған жерді биліктегілердің көрмеуі де, білмеуі де мүмкін емес екенін айтады, деп хабарлайды 31-арнаның "Информбюро" бағдарламасы.

Ғафу Құламанбаев 23 жыл күткен он сотық жерін көріп төбе шашының тік тұрғанын айтады.

"Он сотық жер былтыр күзде берілді. Кеше фундамент құюға келдім. Үстіне қоқысты үйіп тастағанын өздеріңіз көріп тұрсыздар. Үйді қоқыстан салмасам білмеймін енді. Мына жерге басқа материалдан салу мүмкін емес. Фундаментін тұрғызайық десек, мына жерде қоқыс толып тұр. Міне "Нұрсити" тұр. 500 метрден кейін қалада қоқыс төгетін жер жасамайтын шығар", – деді тұрғын Ғафу Құламанбаев.

Қоқыстың орнында "Рауан-2" ықшам ауданы бой көтеруі тиіс. Ал әкімдік осы аумақтан халыққа мыңнан аса жер телімін бөліп берген. Енді тұрғындар жергілікті биліктен тез арада маңайды тазартуды талап етіп отыр. Айтуларынша, екі шақырымға созылатын тұрмыс және құрылыс қалдықтары екі жылдай уақыт жиналмаған.


Оқи отырыңыз: Қазақстандықтарға 10 сотықтан жер бөлу: инфрақұрылым жүргізуге 4 трлн теңгеден артық қаржы қажет 


"Қоқыстың ішінде учаске тұр. Соған қарамай осы аумақтан жер телімін бөліп берген. Үйді қалай салады екен? Ертең өртенсе, бізге зияны тиеді. Қоқыс жалғыз бұл жерде емес, ары қарай жалғасып жатыр", – деді тұрғын Сәрсен Байбақтин.

Халыққа жер бөліп берген әкімдіктегілер бұл маңда бұрын қоқыс барын білмедік деп отыр. Сондай-ақ, қоқысты қашан тазартып беретінін де білмейді. Өйткені, бұл жұмыспен айналысқан мердігер мекемені әлі таппаған.

"Қандай мердігер мекеме болады және олардың мүмкіндігіне байланысты. Дәл қазір екі-үш апта деп кесіп-пішіп айта алмаймын. Олармен келісімшарт қалай жасалса, сол шартпен жұмыс істейді", – деді Ақтөбе қаласы Алматы ауданы әкімінің орынбасары Бақұзақ Дарин.


Оқи отырыңыз: Ақылбек Күрішбаев: Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер тек мемлекет құзырында болуы тиіс


Әкімдік қызметкерлерінің айтуынша, қазір қала аумағында осындай заңсыз қоқыс төгілген 23 орын анықталған. Ал оны тазарту үшін жергілкті бюджеттен 95 миллион теңгеге жуық қаржы бөлінген.