Ақтаудың іргесінде назардан тыс қалған ауыл бар. Атауы да жоқ елдімекен жұрты 20 жылдан бері үйлерін заңдастыра алмай жүр. Сол себепті жарық, газ және жол мәселесі шешілмеген, деп хабарлайды 31-арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы. 

"Балаларға мектеп алыс. Автобус та жоқ. Маған көмектесіңдер. Әкімдіктен осыны сұраймын. Себебі кете алмаймын, көзім көрмейді. Басым айналады, дәрігерге бара алмай жүргеніме бір жұма болды", – деді ауыл тұрғыны Эльмира Расулова. 


Оқи отырыңыз: Жетісу облысында халық егістік жерге қол жеткізе алмай жүр


Елдімекенде түйіні тарқамаған түйткіл көп. Тұрғындар амалдың жоқтығынан жарықтың ақысын заңды тұлғаның тарифімен төлейді. Құжаттың жоқтығынан қараша газ құбырын да тарта алмай қиналған. 

"Газ баллонмен отырмын, жасау қиын. Әкімшілікте бізді жөнді адам қабылдамады. Бүгін жер комитетіне құжат жасауға бардық. Ол кісілер "Барып көремін. Көріп болған соң айтамын. Ол шаруаны әкіммен ақылдасамын, жалғыз өзім шеше алмаймын" деді", – дейді ауыл тұрғыны Камила Хашимова. 

Ал шенеуніктер атауы жоқ ауылдың, құжаты жоқ үйлердің бар екенін жақында естіпті.


Оқи отырыңыз: Алматы облысындағы екі ауылда кәсіпкерлер алкоголь сатудан бас тартып, қылмыс мүлдем азайған


"Мен бұл туралы жақында тұрғындар келіп арызданған кезде ғана білдім. Бұл мәселені әкімдіктегі барлық бөліммен бірлесе отырып қарастыру керек. Жақын арада шешеміз деп ойлаймын. Негізі бұл үйлер тұрған орын өндірістік аймаққа жатады. Сол себепті бас жоспарға өзгеріс енгізу керек. Бұл екі ай уақыт алады", – деді Ақтау қалалық жер қатынастары бөлімінің басшысы Айдынбек Ұзақбаев. 

Айта кетейік, Ақтаудан 4 шақырым қашықтықта орналасқан бұл ауылға 80-жылдары түрме қызметкерлері қоныстанған.