АҚШ-тың Мэриленд штатындағы Балтимор қаласында контейнер таситын кеме автокөлік жүретін көпірге соғысты, деп хабарлайды The Telegraph. Оқиға салдарынан 2,6 шақырымға созылған төрт жолақты Фрэнсис Скотт-Ки көпірінің бір бөлігі суға құлады.

"I-695 Key Bridge көпірінде орын алған оқиғаға байланысты екі бағыттағы барлық жолақ жабылды. Көліктер айналма жолмен өтіп жатыр", – делінген Мэриленд көлік басқармасы таратқан мәлімдемеде.

Апат кезінде көпірде көліктер болуы мүмкін. Оқиға орнында құтқару жұмыстары жүріп жатыр.

Кейінірек қалалық өрт сөндіру қызметінің өкілі Кевин Картрайт көпірде кетіп бара жатқан кем дегенде жеті көліктің суға құлағанын растады.