Ақпарат министрі: Шымкент ел медиасының дамуында ерекше рөл атқарады
Министр алдымен жергілікті Ontustik телеарнасының жұмысымен танысып, қаладағы БАҚ өкілдерімен кездесті. Кездесуді Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан ашып, жүргізді.
"Бүгінде министрлік бұқаралық ақпарат құралдары туралы жаңа заңның жобасын әзірлеп жатыр. Онда журналистердің статусын айқындайтын, олардың құқықтарының қорғалуы мен әлеуметтік тұрғыда қолдау көрсетілуін қамтамасыз ететін және кәсіби біліктілігін арттыруға бағытталған нормалар болады. Сондай-ақ, БАҚ-тарды субсидиялау туралы да ұсыныстар айтылып жатыр. Әрине, мұның бәрі әзірге жоба ғана. Жұмыс тобы нақтылау жұмысын жүргізіп жатыр. Содан кейін заң жобасы Парламент Мәжілісінің қарауына ұсынылады", – деді министр.
Осы орайда, Дархан Қыдырәлі Шымкент қаласының еліміздегі масс-медианың дамуында ерекше рөл атқаратынын, сондықтан жергілікті журналистердің заң жобасына қатысты пікірі мен ұсыныстары маңызды екенін атап өтті.
Кездесу барысында Үкімет мүшесі журналистердің сауалдарына жауап беріп, саладағы өзекті проблемаларды шешу жөніндегі ойларын ортаға салды.