Көлік полицейлері Степногорск қаласында марихуана өсіретін фитозертхананы жойды. Ұйымдастырушы сотталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

"Көліктегі полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Ақмола облысы Степногорск қаласындағы пәтерлердің бірінде марихуана өсіретін фитозертхананы анықтап, жойды. Сот шешімімен 37 жастағы шетел азаматы 3 жылға бас бостандығынан айырылды", – делінген полиция хабарламасында. 

Еске салсақ, операция 5 ақпанда Көкшетау көлік прокуратурасының үйлестіруімен өтті. Тінту барысында жасанды өсіру жүйесінің элементтері, химиялық заттар, тұқымдар және есірткі заттарының белгілері бар бұталар табылып, тәркіленді. Тергеу нәтижесінде ер адам тұқымдарды мессенджер арқылы тапсырыс беріп, өсімдіктерді үй жағдайында өсіргені анықталды.


Оқи отырыңыз: Шығыс Қазақстан облысында Латвияның екі азаматы сотталды


 Ол жасаған ісін мойындады, есірткі қолдану фактісі медициналық сараптамамен расталды. Ұсталған сәтте пәтерде оның кәмелетке толмаған бес баласы да болған.