Ақмола облысында әкімдік оқушы қыздың "ақылды аялдама" жобасын жүзеге асырады
Осы жобамен 10-сынып оқушысы Сұлухан Амангелді аудандық оқушылардың ғылыми-жарыстарына қатысып 1-орынға ие болған.Ақмолалық оқушының ақылды аялдама жобасын әкімдік іс жүзінде жүзеге асырмақ. Бірегей аялдамалар Щучинск қаласында орнатылып бастайды. Оқушы қыздың айтуынша, аялдамалардың кіші бизнес және ауыл мен қала арасында қатынайтын жолаушылар үшін пайдасы мол.
"Щучинск қаласы мектеп-лицейінің 10-сынып оқушысы Сұлухан Амангелді бұл жобаны бір жарым жыл бұрын әзірлей бастаған. Қаламыздағы аялдамалар өте төмен деңгейде болғандықтан, қала тұрғындарының өмірін қиындатады. Біздің қаламыздан көптеген ауылды аймаққа жолаушылар күнделікті қатынайды. Бұл жоба жолаушыларға қолайлы жағдай жасау және қоғамды көлікті күту уақытын қысқарту мақсатында әзірленді", – деп хабарлады жетекшісі, информатика пәнінің мұғалімі Әсел Ғабдуллина.
Оқушы қыздың айтуынша, бастапқыда басқа елдердің осындай аялдамаларын зерттеген. Бұндай аялдамалар АҚШ, Нидерланды елдерінде дамып келе жатыр екен. Әрі қарай мұндай аялдаманы біздің ауа райына бейімдеу қалды.
"Аялдама ішінде сенсорлы автобустар картасы, автобустарды бақылайтын GPS датчиктер, автобус күту кезінде уақытты тиімді пайдалану үшін онлайн кітаптар ұсынылған. Кофе машина, телефон қуаттағыш розеткалар, бейне-камералар және автоматты түрде қосылатын кондиционер бар. Бұның барлығы кіші бизнеске де үлкен көмек. Қаржылық жағынан өзін-өзі ақтайды", – деп қосты Сұлухан.
Оқи отырыңыз: Маңғыстау облысының ауылында бір мектепті екі оқушы ғана бітірді
Осы жобамен 10-сынып оқушысы Сұлухан Амангелді аудандық оқушылардың ғылыми-жарыстарына қатысып 1-орынға ие болған. Қазылар алқасы жобаны жоғары бағалап, оның пайдалылығын атап өтті.
"Сұлухан мұнымен тоқтамай, аудан әкімінің қабылдауына жазылып, өз жобасын таныстырды. Қорытындысы бойынша ақылды аялдаманы қалаға орнатуды ойластырды. Биылғы жылы жоба Щучинск қаласында қолданысқа енеді. Қала тұрғындарына көп мүмкіндік береді деген ойдамыз", – деді мектеп әкімшілігі.
Айта кету керек, жоба мүмкіндігі шектеулі адамдардың қажеттіліктерін ескереді, бұл оның әлеуметтік маңыздылығын көрсетеді.
Оқи отырыңыз: Астанада баланы құтқарған оқушыға қала әкімі планшет пен миллион теңге сыйлады