Тікелей эфир

Маңғыстау облысының ауылында бір мектепті екі оқушы ғана бітірді

Мектеп-интернатта биыл 104 оқушы білім алған.

Маңғыстау облысының Сарға ауылындағы Бейнеу мектеп-интернатынан биыл екі оқушы ғана түлеп ұшты, деп хабарлады mangystaumedia.kz.

Басылымның жазуынша, Сарға ауылында екі мектеп бар. Әліби Жангелдин атындағы білім ордасында 350-ден астам оқушы білім алса, Бейнеу мектеп-интернатында 104 оқушы оқыған.  

"Биыл Сарға ауылындағы Бейнеу мектеп-интернатынан 2 түлек бітірді. Былтыр осы сыныпта көрші ауылдан екі ер бала келіп оқыған еді. Алайда 11-сыныпқа көшетін уақытта олар кетіп қалды. Себебі, дене тәрбиесі секілді сабақтар ер балалар үшін қызықсыз болды. Бізде 11 сыныпқа дейін оқушылар іріктеліп, тек екеуі ғана қалды. Көбі 9-сыныптан кейін колледжге түсті", – деді Бейнеу мектеп-интернатының директоры Айса Сағындықов.


Оқи отырыңыз: 9 және 11 сынып: Мектеп оқушылары 2-19 маусымда қорытынды емтихан тапсырады


Мектеп-интернатта білім алатын 104 оқушының 50-і интернатта жатады. Оқушыларға 29 мұғалім сабақ береді.

"Оқушы аз болған жерде мүлдем өзара жарысып оқу деген болмайды. Егер сыныпта 15-20 оқушы болса, сабақ қызықты бола түсетіні сөзсіз. Ал екі оқушы болғаннан кейін оларды ынталандырып, қызықтыру мұғалімге оңай емес. Біздің биылғы түлектердің екеуі де қыз балалар. Алда өздері қалаған оқу орнына түсеміз деп отыр", – деді мектеп басшысы.

Серіктестер жаңалықтары