Алматыда бес адамның өліміне себепші болған Игорь Дужновтың баспанасы әлі күнге дейін заңды иелеріне өтпеген. Соттың қаулысын орындауға келген қызметкерлерге Дужновтың әйелі Анаида Демирчян өзін өртеймін деп қорқытып, тағы да шу шығарды. Ал сыртқы есікті бұзып кірген арнайы жасақ ауладан ары аса алмады, деп хабарлады 31 арна.

Оқ өтпейтін жилет киіп, өрт сөндіру қызметін, тіпті есік бұзатындарды бірге ерте келген сот орындаушылары Анаида Демирчянға бірнеше рет ескерту жасады. Бірақ, "үйімнен заңсыз шығарып жатсыңдар" деген әйел шешіммен келіспейтінін жеткізді. Жағдайды одан ары ұшықтырғысы келмеген Алатау ауданының прокуроры өндірістегі іс материалдарын дереу кері қайтарып алған.

"Қайтыс болған адамның бала-шағасы заңды түрде үйді мұраға қабылдады. Соттың шешімі 2020 жылы 10 маусымда шыққан. Ал бұл кісілер (ред. – Игорь Дужновтың отбасы) біреудің үйіне кіріп алып шықпай отыр", – деді сот орындаушы Алмасбек Сансызбайұлы.


Оқи отырыңыз: "Неге?" ток-шоуы: Алматыда атылған оққа кім кінәлі?


Еске салайық, 2021 жылы қыркүйекте Игорь Дужнов соттың қаулысын орындауға келгендерге оқ жаудырып, 2 полиция қызметкері, сот орындаушысы және үйдің жаңа иесі мен оның досы оққа ұшқан еді.