Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры, филология ғылымдарының кандидаты Анар Фазылжанова Қазақстан латын әліпбиіне көшкеннен кейін жазба, ауызша тілге, грамматикаға реформа болатынын мәлімдеді.

"Қазақтілді тұлғаның образы өзгерді. Егер де біз Тәуелсіздік алғанға дейін қазақтілді тұлға деген кім десек монотілді, аморфты тұлға дейтінбіз. Ол қазақшадан басқа тілді білмейтін. Қазір қазақша білетін кез келген азаматты алып қарасаңыз ол орыс тілін де, ағылшын тілін де, тағы да басқа тілдерді игеріп жатқанын көресіз. Қазақтілді тұлға көптілді тұлғаға айналып отыр", – деді Анар Фазылжанова "Қазақ тілі мен әдебиеті: оқыту мәселелері және жаңа көзқарас" республикалық съезінде.

Тіл білімі институтының директоры қазақ тілінің болашақтағы жаңғырған моделіне тоқталды. Бұрын жаңа ұғымды орысша атап, орысша жаза салатын болсақ енді олай болмайды дейді ол.

"Жаңа ұрпақ бәрін қазақша атағысы келеді. Латын графикалы жаңа әліпбиге көшкен кезде жазба коммуникациямыз оңтайланып, жеңілдейді. Шетелдік сөздер ұлттық негізде жазылады. Ғылым мен білім саласында контент сапалы, жан-жақты, мол болады. Іс-қағаздар қолданысы стандартталады. Әлемдік және де отандық кеңстіктегі әлеуметтік беделі мықты болады. Қазақстан қазақ тілін дәріптейтін өз ғалымдарын, өнер өкілдерін шығара бастайды", – деді ол. 


Оқи отырыңыз: Қазақ тілі қайтсек қажет тіл болады? Сараптама


Анар Фазылжанова латынға көшкеннен кейін жазба, ауызша тілге, грамматикаға реформа болатынын атап өтті. Оның сөзінше қазақ жазуы әлемдік жазу кеңістігіне енеді. Тұрқы дамыған елдердің жазуына ұқсайды. Қосамжар орфографиядан арылып, ұлттық орфография қалыптасады. Шетелдік сөздердің тұрпаты түпнұсқа тілге жақындайды. Тауар маркалараның атаулары әлемге танымал графикада беріледі.

"Қазақ ауызша коммуникациясы күшейеді. Жазба тілде реформа жүргеннен кейін ауызша коммуникацияда да реформа болады. Сөздердің айтылуы да дыбыстық нормамызға қарай икемделеді. Қазақы сөзсаптамның грамматикасы қайта жаңғырады. Көп сөз калькаланып кетті. Әліпби ауыстырған кезде тіл танушы ғалымдар қазақтың бүкіл грамматикасын ұлттық негізге қарай реформалауды көздеп отырмыз. Институт ұлттық сөзтаптам негіздері деген зерттеу жүргізіп жатыр", – деді Тіл білімі институтының директоры.

Филолог ономастикалық атаулар оңтайланатынын айтты. Латын әліпбие бекітілсе институт қолданысқа 11 түрлі лингвистикалық өнім ұсынатынын, соның ішінде географиялық атаулардың да анықтағышы бар екенін атап өтті.