Алматыда бірнеше көше 6,6 километрге дейін ұзартылады. Мұнымен қатар, Талғардың аудандық шекарасынан Алматыға дейін жеңіл рельсті трамвай салынбақ, деп мәлімдеді қала әкімі Бақытжан Сағынтаев. 

"Шеткі аймақтардағы 274 көшеге 64,9 км жаңа жол салынды. 30 км жол күрделі жөндеуден және 200 км астам жол орташа жөндеуден өтті. Абай даңғылы, Саин және Әуезов көшелерін 6,6 километрге ұзарту жұмыстары жүріп жатыр. Осы айда Абай даңғылындағы жол қозғалысы ашылады. Төле би көшесін Яссауи көшесінен қала шекарасына дейін ұзартуды бастаймыз. Дәлірек, осы жылдың соңына дейін мердігермен шарт жасалады", – деді Бақытжан Сағынтаев. 


Оқи отырыңыз: Бақытжан Сағынтаев: Алматыда орташа жалақы – 284 мың теңге


Әрі қарай әкім қаладағы 3 көлік жолайырығын салу жұмыстарына тоқталып, Құлжа күре жолы – Бұқтырма жолайрығында бір эстакада бойынша қозғалыс ашылғанын мәлімдеді. 

"Рысқұлов-Емцов жолайырығын жыл соңына дейін барлық бағыт бойынша ашамыз. Жыл басынан 7 км велоинфрақұрылым жайластырылды. Вело және жаяу жүргіншілер инфрақұрылымын дамыту стратегиясы әзірленді. Сондай-ақ, желтоқсан айының соңына дейін Сарыарқа және Бауыржан Момышұлы станцияларын техникалық іске қосу жоспарланған. Болашақта метро Наурызбай ауданы арқылы Райымбек даңғылына дейін баратын болады", – деп қосты әкім. 


Оқи отырыңыз: Алматыда Тілендиев көшесі мен солтүстік айналма жолы Үлкен Алматы айналма жолына дейін ұзарады


Мұнымен қатар, Бақытжан Сағынтаев Алматы агломерациясының аумағында қала маңындағы және қала ішіндегі желілерді бірыңғай жүйеге біріктіруді ескере отырып, Талғардың аудандық шекарасынан Алматыға дейін жеңіл рельсті трамвай салу мәселесі пысықталып жатқанын мәлімдеді. 

"Осы жылдың қазан айынан бастап әуежайдың ауданы 50 мың шаршы метр болатын жаңа терминалының құрылысы басталды, бұл әуежайдың өткізу қабілетін 2 есе ұлғайтуға мүмкіндік береді (жылына 14 млн. жолаушыға дейін)", – деп қосты Бақытжан Сағынтаев.