Алматының Бостандық ауданы аумағында қаланың дизайн-код талаптарына сәйкес бірыңғай сәулеттік келбетті қалыптастыру жобасы жүзеге асырылып жатыр, деп хабарлайды әкімдіктің баспасөз қызметі. 

Жоба аясында биыл аудан бойынша 67 көпқабатты тұрғын үйдің қасбетін ағымдағы жөндеу жоспарланған. Бастама көшелердің эстетикалық келбетін жақсартуға, тұрғын үйлердің сыртқы көрінісін жаңартуға және жайлы қалалық орта қалыптастыруға бағытталған.

Аудан әкімі Азамат Қалдыбековнің айтуынша, бұл жұмыстар Дархан Сатыбалды ұсынған «Қасбеттен қасбетке дейін» бастамасы аясында жүргізіліп жатыр.

"Жоба бойынша 60–70 жыл бұрын салынған үйлердің қасбеті жаңартылып, қажет болған жағдайда шатырлары жөнделеді. Сонымен қатар балкондар мен көшелердің сәулеттік стилі біріздендіріліп, қоғамдық кеңістіктер абаттандырылады. Жөндеу барысында отандық табиғи материалдар – Жамбыл облысынан жеткізілетін гранит пен Ақтау тасы, сондай-ақ травертин, гранит және алюминий композиттік панельдер қолданылып жатыр. Қазіргі уақытта 24 тұрғын үйдегі жұмыстар аяқталуға жақын. Соның ішінде Розыбакиев көшесі, 250 мекенжайындағы үйдің қасбеті жеке инвестор қаражаты есебінен жөнделіп жатыр", – делінген хабарламада.

Сонымен қатар Бұқар жырау, Байсейітова, Масанчи, Мүсірепов көшелері мен әл-Фараби және Абай даңғылдары бойындағы тағы 23 тұрғын үйде жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр. Мердігерлер қасбеттерді тазалау, апатты бөліктерді бұзу, сылақты қалпына келтіру, кіреберістерді жөндеу және жаңа қасбеттік жүйелер орнату жұмыстарын жүргізуде.

Әсіресе Масанчи көшесіндегі екі қабатты үйлерге ерекше назар аударылған. Мұнда қасбетпен қатар шатырлар да жаңартылып жатыр. Бұл тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, ғимараттардың тозуын азайтуға бағытталған.