Жаңа "Омикрон" штамының Қазақстанда, кейін Алматы қаласына келуі уақыттың еншісіндегі ғана дүние, деп мәлімдеді Алматы қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы, қаланың бас мемлекеттік санитар дәрігері Жандарбек Бекшин.

"Соңғы үш аптаның ішінде "Омикрон" штамы 57 мемлекетте анықталды. Бұл оның жұқпалылығының жоғары екенін көрсетіп отыр. Ол жолаушыларға арналған реактивті лайнер жылдамдығымен пара-пар таралып жатыр. Вирустың сипаты мен аурудың патогенезін ескере отырып жұқтырған адам бастапқы сатысында болған кезде, оны тасымалдай алатынын көріп отырмыз. "Омикронның" келуі – уақыттың еншісіндегі ғана дүние. Вирус – тым кішкене биологиялық агент, оның жолын бөгеу мүмкін емес", – деді қаланың бас санитар дәрігері. 

Алматы қаласы қоғамдық денсаулық басқармасы басшысының орынбасары Лаура Мырзағали жаңа штамға әзір екендерін бөлісті. Айтуынша, стационарларда орын жеткілікті. 

Еске салсақ, Жандарбек Бекшин биыл ЖРВИ-дің қалада таралу деңгейі былтырға қарағанда 4 есе жоғары екенін мәлімдеді.