Thai AirAsia X әуе компаниясы 2025 жылғы 1 желтоқсаннан бастап Алматы (Қазақстан) мен Бангкок (Таиланд, Дон Муанг халықаралық әуежайы) қалалары арасында тікелей әуе қатынасын іске қосатынын ресми түрде хабарлады.

Жаңа бағыт жолаушыларға қыстың суық күндерінде Таиланд астанасының жылы климаты мен көрікті орындарына қолжетімді бағада саяхат жасау мүмкіндігін ұсынады. Рейстер аптасына төрт рет – дүйсенбі, сәрсенбі, жұма және жексенбі күндері орындалады. Компания жолаушыларды 367 адамдық кеңфюзеляжды Airbus A330 әуе кемесімен тасымалдайды.

Бағыттың ашылуына орай, әуе компаниясы бір бағытқа 199 АҚШ долларынан басталатын арнайы промо-тариф ұсынуда. Бұл ұсыныс 2025 жылғы 8–21 қыркүйек аралығында қолжетімді, ал ұшу мерзімі 2025 жылғы 1 желтоқсаннан 2026 жылғы 28 наурызға дейінгі аралықты қамтиды. Билеттерді AirAsia MOVE мобильді қосымшасы, ресми airasia.com сайты, сондай-ақ турагенттіктер мен онлайн брондау платформалары арқылы сатып алуға болады.

"Бұл – Thai AirAsia X үшін Орталық Азия нарығына алғашқы қадам және біз үшін жаңа әрі қызықты кезеңнің бастауы. Алматы мен Бангкок арасындағы тікелей рейстер сапарларды бұрынғыдан да ыңғайлы әрі қолжетімді етеді. Таиланд астанасы – ерекше мәдениетімен, заманауи инфрақұрылымымен және әлемдік деңгейдегі қонақжайлылығымен танымал қала. Біз бұл бағытты Қазақстандық саяхатшыларға ұсынғанымызға қуаныштымыз", – деді Thai AirAsia X бас директоры Паттра Бусаравонгсе.

Бангкок – әлемдегі ең жарқын қалалардың бірі. Ол дәстүр мен заманауилықтың үйлесімімен, түрлі мәдени шараларымен, дәмді көше тағамдарымен және шопинг мүмкіндіктерімен әйгілі. Сонымен қатар, AirAsia желісі арқылы саяхатшылар Бангкоктан Таиландтың өзге де әйгілі бағыттарына – Пхукет, Краби және Чиангмай қалаларына оңай жетуге мүмкіндік алады.

Қазіргі уақытта Thai AirAsia X әуе компаниясы 9 Airbus A330 ұшағынан тұратын әуе паркін пайдалана отырып, Бангкоктан Токио, Осака, Нагоя, Саппоро (Жапония), Сеул (Оңтүстік Корея), Шанхай (Қытай), Дели (Үндістан) және енді Алматы (Қазақстан) қалаларына тікелей рейстер орындайды.