Алматыдағы жер сілкінісі: мектептер, ауруханалар және әуежай қалай жұмыс істейді?
Қаладағы жедел медициналық жәрдем қызметі мен барлық көпсалалы ауруханалар күшейтілген режимде жұмыс істеуде.Алматыда барлық мектептер мен балабақшалар ашылып, жұмыс істеп тұр, деп хабарлайды қала әкімдігінің баспасөз қызметі.
"Қала әкімі Ерболат Досаев 11.40-тан бастап алдағы іс-шаралар жоспары талқыланатын жедел штабта жұмыс істеуде. Қаланың барлық тіршілікті қамтамасыз ету жүйелері қосылған. Қалалық полиция бөлімі штаттық режимде жұмыс істейді. Барлық мектептер мен балабақшалар ашылды, қоғамдық қабылдау пункттері жұмыс істейді, қаладағы жедел медициналық жәрдем және барлық көпсалалы ауруханалар, соның ішінде мамандандырылған ауруханалар, балалар ауруханалары, акушерлік ұйымдар күшейтілген режимде жұмыс істеуде", – деп жазылған хабарламада.
Әкімдік жалған ақпаратқа сенбеуге және таратпауға, тек ресми ақпарат көздеріне сенуге шақырды. Өз кезегінде Алматы халықаралық әуежайы жер сілкінісінен кейін барлық айлақ қызметтері қалыпты режимде жұмысын жалғастырып жатқанын түсіндірді.
Оқи отырыңыз: Жедел желі: жер сілкінгенде қайда хабарласуға болады?
Ұшу-қону жолағы мен перрон тексеріліп, ешқандай бұзылу табылмады.