Алматы қаласындағы жол бойындағы коммуналдық ашық және жабық автотұрақтар енді жеке автотұрақтардан ерекшеленіп, көк түспен белгіленеді. Бұл туралы Алматы қаласының ақылы автотұрақтарын ұйымдастыру ережелерін бекіту туралы ережелеріне енгізілетін өзгерістерден белгілі болды. 

Көк түсті жол белгілерін салуға қала бюджетінен 17,7 млн теңге жұмсау жоспарланып отыр.

Жобада, сондай-ақ бұған дейін белгілі болғандай, электронды төлем терминалдарының алынып тасталатыны жазылған. Оған себеп – қазіргі таңда төлемдердің 98 пайызы банктік аударым арқылы жүзеге асырылатыны

"QR код сканері барлық смартфондарға орнатылған, сондықтан QR коды қолма-қол ақшасыз төлем жасаудың ең қолжетімді, ыңғайлы және жылдам құралдарының біріне айналды, өйткені QR код арқылы төлеу карта төлемдерін қосымша құралдарсыз қабылдаудан ерекшеленеді. Өз кезегінде электронды терминалдарды ұстау, электронды терминалдардан ақша жинау, сондай-ақ олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету қосымша қаржылық шығындарды талап етеді", – делінген жобаның түсіндірме жазбасында. 

Есесіне, коммуналдық ақылы автотұрақ орналасқан жол бойына бос орындар санын көрсететін электрондық құрылғылар орнатылуы мүмкін. 


Оқи отырыңыз: Алматы көшелеріндегі автотұрақтар тегін болуы керек пе?


Еске салайық, Алматы қаласының автотұрақтары меншік түріне байланысты коммуналдық және жеке болып бөлінеді:

  • коммуналдық автотұрақ – нысаналы мақсатына сәйкес пайдалану үшін Алматы қаласының коммуналдық меншігіндегі уәкілетті орган ұйымдастырған және заңнамамен белгіленген тәртіпте пайдалануға беруші ұйымның басқаруына берілген автотұрақ;
  • жеке меншік автотұрақ – нысаналы мақсатына сәйкес жерді пайдалану құқығына не жер телімінің меншік құқығына ие мемлекеттік емес заңды тұлға немесе жеке кәсіпкер ұйымдастырған автотұрақ.