Тікелей эфир

Алматы көшелеріндегі автотұрақтар тегін болуы керек пе?

7 жыл бұрын жұмыс істей бастаған автотұрақтың жыл сайынғы айналымы 1 миллиард 400 миллион теңге болған.

Алматы тұрғындары "Алматы спецтехпаркинг сервис" пен Alan Parking компаниялары қала меншігіне өткен соң, тұрақ ақысын арзандатуды талап етті, деп хабарлайды 31 арнаның "Информбюро" бағдарламасы.

"Қала тұрғындарының шағымы ескеріліп, қызмет сапасын арттыру үшін кешенді іс-шаралар қабылданады. Барлық түскен қаражат Алматы қаласының дамуына, көркеюіне, көпқабатты паркинг салуға жұмсалады", – деді Алматы қалалық мобильділік басқармасының бөлім басшысы Абылайхан Омархан.


Оқи отырыңыз: Қазақстанда 10 млн теңгеге қандай көлік сатып алуға болады? 


Заңгер Ғабит Өмірбек тұрақтың ақылы болғаны дұрыс деген пікірде. Алайда жиналған ақшаның қайда жұмсалатынын біліп отыру маңызды екенін айтады.

"Алматы қаласындағы тұрақ мемлекет меншігіне өткен соң тегін болуы керек деген сөз емес. Жеке ойым тұрақтан түскен ақшаның мемлекетке өткені дұрыс. Өйткені Батыс Еуропа секілді елдерде барлығы ақылы. Бірақ осы ақылы тұрақтан түскен ақшаның қайда кетіп жатқанын білу маңызды. Ол ақша қаланы көркейтіп, безендіруге, тұрақ маңындағы ағаштарды кесуге, бояуға жұмсалуы тиіс", – деді заңгер.

Десе де Ғабит Өмірбек кей азамат үшін тұрақтың ақылы болуы тиімсіз екенін айтады.

"Жұмысқа барғанда көлігін ақылы тұраққа қоятын азаматтар сол жердің басшысына жүгінуі керек деп ойлаймын. Мысалы, күнделікті 8 сағат тұрып 800 теңге төлеп кету тиімсіз. Өтініш жазып, 50% жеңілдікпен қоюға рұқсат сұрап көре алады. Сондай-ақ, бұл ақылы тұрақтарға қойған кезде үстіне ағаш құласа, онда шығынды әкімдік өтейді. Жеке тәжірибемде сондай болды. Ақшаны әкімдіктен толықтай өндіріп алдым", – деді Ғабит Өмірбек.

Еске салсақ, аталған екі компанияның басшылары Мұхтар Базарбаев пен Марат Пірінбеков қамауға алынып, компаниялар өз еркімен – "Алматы спецтехпаркинг сервистің" 70% үлесін және Alan Parking 100% үлесін қала меншігіне қайтару туралы ұсыныс жасады. 7 жыл бұрын жұмыс істей бастаған автотұрақтың жыл сайынғы айналымы 1 миллиард 400 миллион теңге болған. Қазір компания басшылары "мемлекет ақшасын жымқырды" деген айыппен тергеліп жатыр.

Серіктестер жаңалықтары