Алматыда NEET санатындағы жастардың үлесі төмендеп, жастардың жұмыспен қамтылу және білім алу көрсеткіштері артып келеді, деп хабарлайды әкімдіктің баспасөз қызметі.

2026 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша білім алмайтын және жұмыс істемейтін жастардың үлесі 5,7%-дан 4,9%-ға дейін азайған. Бұл шамамен 33,9 мың жасты құрайды.

Мамандардың айтуынша, көрсеткіштің төмендеуіне жастарды жұмыспен қамту, кәсіби дағдыларын дамыту және әлеуметтік-экономикалық өмірге тартуға бағытталған жүйелі жұмыстар әсер еткен.

"Қазіргі таңда Алматыда 712,3 мыңнан астам жас тұрады. Оның 442,3 мыңы жұмыспен қамтылған, ал 280,7 мың жас 35 жоғары оқу орны мен 85 колледжде білім алып жатыр. Экономикалық белсенді жастар саны 472,1 мың адамға жеткен. NEET деңгейін төмендетуде Жастар мансап орталығы маңызды рөл атқарған. Жыл басынан бері орталық шамамен 4 мың жасты жұмысқа орналастырып, жалпы 18,2 мың адамды жұмыспен қамтуға ықпал еткен. Оның ішінде 12,6 мыңы тұрақты жұмысқа орналасса, 5,6 мыңы уақытша жұмыспен қамтылған. Сонымен қатар JasAlmaty.kz платформасы арқылы 35 мыңнан астам қолданушы тіркеліп, 2,1 мыңнан астам бос жұмыс орны жарияланған. Соның нәтижесінде шамамен 1,8 мың жас жұмыс тапқан. Практикалық дағдыларды дамыту мақсатында SkillBridge жобасы аясында 61 онлайн курс іске қосылып, 9,2 мыңнан астам адам оқудан өткен. Оның 3,8 мыңы кейін жұмысқа орналасқан", – делінген хабарламада.

Жастарға қолдау көрсету 11 комьюнити орталығы арқылы да жүзеге асып жатыр. Бұл орталықтарда 16 мыңнан астам адам кеңес алған. Олардың бір бөлігі жұмыспен қамту, психологиялық және құқықтық көмек мәселелері бойынша қолдау алған.

Сондай-ақ "Жасыл ел" жобасы аясында 2,1 мың жас уақытша жұмыспен қамтылса, "Мансап күндеріне" қатысқан 18 мың адамның 1,7 мыңы жұмысқа орналасқан.

Мамандардың айтуынша, жүргізіліп жатқан жұмыстар жастарды тек жұмыспен қамтып қана қоймай, олардың кәсіби және әлеуметтік тұрғыда тұрақты дамуына жағдай жасауға бағытталған.