Алматыда жер сілкінісі кезінде халыққа көмек көрсететін 384 пункт құрылады, деп хабарлады қалалық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.

Пункттер халықты уақытша орналастыруға, тіркеуге, су, тамақ, азық-түлік сияқты қажетті заттармен қамтамасыз етуге, көлікке отырғызуға және қауіпсіз аудандарға эвакуациялауға арналған.

Қабылдау пункттері туралы толық ақпарат 2ГИС картасында, Алматы ТЖД мен әкімдіктің ресми сайттарында орналастырылған. Сонымен қатар депатрамент QR коды бар ақпараттық тақтайшалар әзірлеен. Кодты смартфонмен сканерлеп, жақын маңдағы қабылдау пункттеріне эвакуация жолдарын  қарауға болады. Оны биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында мегаполистегі барлық тұрғын үйдің қасбетіне орналастырады.


Оқи отырыңыз: Түркия мен Сириядағы жер сілкінісі Қазақстанға қарай жылжи ма? Сейсмологпен сұхбат


Қалалық төтенше жағдай департаменті бастығының міндетін атқарушы Алан Әлібеков Алматыда халықты төтенше жағдй кезінде хабардар ететін 843 сирена және сирено-сөйлеу қондырғысы жұмыс істейтінін айтты. Хабарландыруға 671 телеарна мен 24 "Медиа сервер" радиоарнасы тартылады.

Сонымен қатар ол қалада жойқын жер сілкінісі болса, оның салдарын жоюға дайын 13 371 адамнан тұратын күштер мен құралдардың арнайы тобы, сондай-ақ әртүрлі мақсаттағы 4 060 бірлік техника көзделгенін атап өтті. Алматыда ауқымды жер сілкінісін жоюға қосымша еліміздің 16 өңірінің және 5 орталық мемлекеттік органның күштері мен құралдары үш эшелонмен келетін болады.

Жалпы осы уақытқа дейін қала ұйымдарында 3,5 мыңнан астам сейсмикалық жаттығу өткізілен. Оған 600-ден астам нысан және Алматының 760 мың тұрғыны қатысқан. Сондай-ақ 500 мыңнан астам тұрғын каскадты әдіспен оқытылып, қала тұрғындарын төтенше жағдайларда қорғау тәсілдерін үйренген.