Алматыда жастарға шағын несие беру мақсатында 4,8 млрд теңге бөлінді. Қала бойынша 200 кәсіпкерге кеңес беріліп, 20 өтініш қабылданған, оның төртеуі комиссияға жіберілді. Бұл туралы "Аграрлық несие корпорациясының" Алматыдағы өкілдері хабарлады.

"Алматыда 200-ге жуық адам кеңес алды. Ұсынған жобалардың ішінде жүк тасымалдау, көлік сатып алу бойынша өтініштер көп түсті. Сондай-ақ шаштараз, шағын асханалар ашуға бизнес-жоспарлар бар. Бұдан да қызық жобалар болады деп үміттенеміз. Сонымен қатар, қаладағы жаңа тұрғын үй кешендерінің қоқысын шығару бойынша жобалар кездесті", – деді несиелеу бөлімінің бас маманы Қанат Омаров.

Бағдарламаға қатысушылардың арасында қоғамдық тамақтандыру, асхана саласында қызмет көрсеткісі келетіндер көп. Сондай-ақ жиһаз өндірісі, сауда жүргізу, тігін цехтарын ашқысы келетін кәсіпкерлерден өтініштер көп түсіп жатыр.


Оқи отырыңыз: Шағын несие мен әлеуметтік нысандар: Үкімет ауылды қалай дамытуды жоспарлап отыр?


Қанат Омаров Алматы облысындағы жастар қандай жоба ұсынып жатқанына тоқталды.

"Олардың арасында таңқурай, қарақат өсіру, ауыл шаруашылығы техникасын алу бойынша бизнес-жоспарлар көп. Сондай-ақ, қымыз, саумал сату үшін жылқы сатып алуға шағын несие алғысы келетіндер бар. Шағын несие Алматының орталығында кәсібі бар кәсіпкерлерге ғана беріледі деген ұғым жоқ, бәріне беріледі. Бұл аймаққа байланысты емес", – деді Қанат Омаров.


Оқи отырыңыз: Шымкентте кәсіп бастауға қалай мемлекеттік грант алуға болады? Шағын нұсқаулық


Микрокредит несие тарихы нашар және қарызы бар өтініш берушіге берілмейді. Егер қарыз, несие болмаса, жоба менеджері бизнес-идеяны әрі қарай комиссияға жібереді.

"Өтініш берушілер бизнес-жобасын отырыста ұсынған соң, оны комиссия іріктейді. Жоба өзекті, экономикалық жағынан тиімді, нақты іс-шараға бағытталуы керек. Ал тұрғын үйлерді, жер учаскелерін, бағалы қағаздарды сатып алуға және жөндеуге, қару-жарақ, есірткі заттарын өндіру мен сатып алу үшін несие алуға өтініш жіберуге тыйым салынады", – деді директордың несиелеу жөніндегі орынбасары Айкен Сейітқас.

Шағын несиеге өтініш  Алматы қаласы, Сәтбаев көшесі, 5-үй мекенжайында орналасқан 1Аграрлық несие корпорациясы1 АҚ филиалында қабылданады. Толық ақпаратты корпорацияның agrocredit.kz сайтынан білуге ​​болады.